102 жастағы үндістандық әжей жүгіруден әлем чемпионы атанды (фото)

0

Үндістандағы Чандигахра қаласының 102 жастағы тұрғыны Ман Каур 200 метр жерді 3 минут 14,65 секундта жүгіріп өтіп, жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында жеңіске жетті. Бұл туралы life.ru сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ порталы хабарлайды.

Қария 1916 жылы туылып, бала күтуші, аспазшы болып жұмыс істеген. Оның үш баласы, тоғыз немересі мен 14 шөбересі бар екен.

Егде жастағы спортшы жеңіл атлетикаға 2009 жылы бет бұрыпты. Айтуынша, оған үлгі болған 80 жастағы ұлы Ман Гурдев көрінеді.

Ман Каур. Фото: Life.ru

Ман Каур. Фото: Life.ru

Бүгінде Ман Каурдың қоржынында 32 алтын медаль бар. Дегенмен қария осы жетістікпен тоқтап қалмаймын деп отыр.

Салауатты өмір салтын ұстанатын әжей 2021 жылы Жапонияда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жүр.

«Мен әлі берілмеймін. Жарыстарға шамам келгенше қатыса беремін. Жүгірген кезде өзімді шексіз бақытты сезінемін. Адамның жасы — арманнан бас тартуға себеп бола алмайды деп ойлаймын», — дейді Ман Каур.