100 АУРУДЫҢ ЕМІ – ХЕЛЬБА

0

Мұсылман дәрігерлері: «Егер адам-дар хельбаның қаншалықты пайдасы бар екенін білгенде, оны алтынның құнындай бағамен сатып алар еді», – деген.
Ағылшын ғалымы Клебер: «Егер де таразының бір жағына барлық дәрі-дәрмектерді қойып, екінші жағына хельбаны қойсақ, таразының екі жағы тең болар еді», – деп айтқан.
Ендеше, хельба деген қандай шипалы өсімдік? Соған назар аударып көрелік. Қазақ тілінде бұл өсімдікті негізінен «бойдана» деп атайды. Хельбаның өзіндік құпия сырлары, емдік хикметтері бар. Ол соңғы уақыттары ғылыми түрде де дәлелденуде. Зерттеулер хельбаның көптеген дертке қарсы ем болуымен бірге иммунитетті нығайтатынын көрсетіп отыр.
Адам баласы жаратылғаннан бері өсімдіктер тек азық ретінде ғана емес, әртүрлі ауруларға ем ретінде де қолданылған. Біздің ата-бабаларымыз да түрлі өсімдіктерді тамаққа қосып, олардың қасиеттерін есте сақтай отырып, әртүрлі дерттерге емдік құрал ретінде пайдаланғаны тарихтан мәлім. Зерттеушілер ежелгі замандағы халықтардың өсімдіктердің жиырма мыңнан астам түрлерін пайдаланғандығын анықтап отыр. Египетте б.з.д VI ғасырға жататын бір папирус парақшасы табылды. «Эбер папирусы» деп аталып кеткен бұл жазбада ежелгі египеттіктер шөптермен емделудің тоғыз жүзден астам түрін жазып қалдырыпты. Хельбаның емдік қасиеттері жайындағы жазбалар да египет папирусынан табылған.
Хельба (trigonella foenum-graecum L., шамбала, чаман, фенугрек) – бір жылдық өсімдік. Оның биіктігі – 30-60 см. Гүлдері ұсақ сары, түбірі қоңырқай сарғыш болады. Ғалымдар хельбаның құрамын зерттеп, оның ақуыз бен көмірсуға бай екенін анықтады. Құрамында калий, фосфор, магний, темір, кальций, А,С,В1,В2 дәрумендері бар және балық майының құрамына өте ұқсас.
Пайғамбарымыз Мұхаммед ( с.ғ.с) Меккеде Сағд ибн Абу Аққастың халін сұрап шығып, оған дәрігер шақырыңдар дейді. Оған Харис бин Калдті шақырды. Ол науқасты қарап уайымдайтын ештеңе жоқ, науқасқа хельбаны қайнатып, құрма қосып беріңдер деді. Сағд сахаба дәрігердің айтқанын орындап ауруынан айықты.
Ежелгі Египетте хельбаны күйген жердің орнын емдеуге қолданған. Б.з.д. 5 ғасырда әйгілі Гиппократ хельбамен көптеген ауруларды емдеген. Франктер королі Ұлы Карлдың өзі хельбаны шаштың түсуіне қарсы қолданған.
Бүгінде хельба медицина саласында кеңінен қолданылады. Қытай дәрігерлері оны бедеулікке, бұлшық ет, жыныс жолы қабынуына және микробқа қарсы зат ретінде гинекологияда, косметологияда қолданады. Жоғарғы тыныс алу жолдары қабынғанда шаю және ингаляция жасау үшін пайдаланады.
Үнді мамандары хельбамен ішкі құрылыс жараларын емдеген. Асқазан ішек жолдары ауруларында (гастриттер, асқазан мен ішек жаралары, колиттер, гепатиттер, холециститтер, өт жолдарының дискенизиясы, метеоризм) қолданады.
Ал Сауд Арабиясында және көптеген араб елдерінде хельбаның дәнін ғана емес, оның жасыл жапырақтарын да емдік мақсатта қолданады. Себебі, оның құрамында да адам ағзасына пайдалы элементтер көп. Көптеген мұсылман елдерінде құрамына хельба қосылған әртүрлі тағамдар дайындалады. Бұл тағамдар, әсіресе, Рамазан айында көптеп дайындалады. Себебі хельбаның құрамында адамды сергітіп, күш-қуат беретін дәрумендер бар. Хельба бұрыш-тың орнына және ас қорытуды жақсартуға көмектесетін дәмдеуіш ретінде тағамға қосылады.
Хельбаны емдік мақсатта қолдану тәсілдері:
– әлсіздік кезінде иммунитетті нығайту үшін 1 шай қасық хельба майын таңертең ұйқыдан оянған мезгілде ішу керек;
– тұмау, өкпе демікпесі, өкпе ауруына, созылмалы жөтел және бронхит ауруларына қарсы 2 ас қасық хельбаны алып, үстіне 1 стакан су, 2 ас қасық балды қосып отқа қойып, 10 минут көлемінде қайнатамыз. Күніне жарты стаканнан 3-4 рет қабылдаймыз;
– тамақ ауырғанда 2 ас қасық хельбаға жарты литр су құйып, 30 минут көлемінде қайнатамыз. Сосын 15-20 минут суытып қоямыз. Сүзіп алып, күніне 3-4 рет тамағымызды шаямыз.
– қан аздық (анемия) кезінде пай-далы. Себебі хельба дәндері темірге бай. 1-2 шай қасық хельба дәндерінің ұнтағын құрмамен немесе балмен жеу керек.
– қант диабетімен ауырғанда, кешкісін жатар алдында екі ас қасық хельба дәндерін суық суға салып бетін жауып қоямыз. Таңертең дайын болған тұнбаны ішеміз. Тұнба – дәрілік шөптердің сулы сығындысы, оны күнделікті дайындаған дұрыс.
Хельба шайын дайындау үшін бірінші оны салқын, таза суға жуып аламыз. Содан кейін 2 ас қасық хельба дәнін жарты литр суға салып, 5-7 минут көлемінде қайнатамыз. Шайдың дәмін жақсарту үшін өзіңіздің қалауыңыз бойынша имбирь, лимон, бал қоссаңыз болады.
Хельбаны жарық түспейтін, қо-ңырсалқын, құрғақ жерде, шыныдан жасалған немесе керамикалық ыдыста сақтау керек. Тоңазытқышта сақтауға болмайды.