Жүздеген наразы арыстық Шымкент орталығына шерулетіп бара жатыр

0

Арыстағы жарылыстан бас сауғалап, Шымкенттегі «Ақмешіт» мешіті алдында үш бойы жүрген соң жолды жапқан наразылар полиция қоршауын бұзып, Шымкенттегі орталық алаңға бет алып барады.

Олар Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың наразылармен кездесуді мешіт ішінде өткізіп жатқанына наразы. Шерулетіп бара жатқандардың бірі «[әкімдер] халықты құран оқып басып тастап жатыр, талабымызды алаңда айтамыз» дейді.

Жүздеген наразы тұрғынды ондаған полиция бақылап барады.

Бүгін, 27 маусымда сағат 11.00 шамасында «Ақмешіт» алдындағы Темірлан көшесін Арыс тұрғындары жапқан. Наразылар «өздерін Арыстан басқа жаққа көшіруді, жер беруді» деп талап етті. Бір сағаттан соң, 12.00 шамасында наразылар алдына әуелі Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, жарты сағаттай уақыттан соң Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев келді.

Әбдірахымов наразы жұртпен кездесіп жатқанда, мешіт іші шулаған соң молда құран оқыған. Шөкеев келген де мешіт қызметкерлері «намаз уақытының болғанын» айтып, азан шақырған.

Арыстықтар қалаларының «тұруға жарамай қалғанын, өздерінің үйлеріне қайтпайтынын» айтады. Олар «қару Арысқа тарап кеткен соң үйлеріне қайтуға қорқып отырғандарын, қалада ит-құс пен малдың өлген» дейді. Наразылар сөзінше, Арыста «ауа ластанған, демалу мүмкін емес».

Жол жапқан Арыс тұрғыны Түркістан не Шымкенттен үй беруді сұрайды. Бұл ұсынысқа Әбдірахымов «Шымкентте баспана кезегінде 150 мың адам тұр, тарататын баспана жоқ» деп жауап берді.

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

Шымкентке жеткізіліп, пунктерді паналап жатқан Арыс тұрғындары «билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз» деп шағынған. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының «биліктен мардымды көмек болмай жатыр» деген сөзін жоққа шығарды.​ Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Azattyq