Журналист Амангелді Батырбековтің аштық жариялағаны жайлы туыстарының сөзін түрме өкілі терістеді

0

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы сотының үкімімен «Жала жабу» және «Қорлау» бабы бойынша айыпталып, 2 жыл 3 айға сотталған журналист Амангелді Батырбековтің Жаңа жыл қарсаңында түрмеде екі тәулік аштық жариялап, тоқтатқаны туралы Азаттыққа оның әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұратова хабарлады.

Баймұратованың сөзінше, Шымкенттегі Сәуле ықшам ауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесінде қамауда отырған Амангелді Батырбеков 27-28 желтоқсан күні екі тәулік бойы аштық жариялаған. Тұтқын апелляциялық шағымын қарап жатқан Түркістан облыстық сотының «істі көпе-көрнеу созбалаңға салуына» осылайша наразылық білдірген.

— Амангелді қоғамдағы заңсыздықтарды айтып, шындықты жазғаны үшін жазықсыз түрмеде отыр. Мысалы, 5 қараша күні сот істі қараймыз деп белгілейді де, «жәбірленушінің адвокаты ауырып қалғанына» байланысты істі кейінге шегереді. Бірақ әлі күнге ауырып қалғанын дәлелдейтін бір де бір анықтама әкелмеді. Бір томнан тұратын қылмыстық іс үшін адамның тағдырын тәлкекке салып, үш жарым ай бойы түрмеде ұстап отыр. Бұл – оған қиянат, — дейді журналистің қоғамдық қорғаушысы.

ИЧ-167/11 тергеу изоляторы басшысының кезекші көмекшісі Елдос Қарасаев 1 қаңтарда Азаттық тілшісінің сауалына берген жауабында тұтқын Амангелді Батырбековтің түзеу мекемесінде екі тәулік бойы аштық жариялағаны туралы ақпаратты терістеді.

«Ол күніне үш мезгіл мекеменің асханасында дайындалған асты жеп жатыр. Егер сотталушының туыстарының қандай да бір шағымы болса жұмыс күні келіп, мекеме басшысымен сөйлессін» деді ол.

Бұған дейін Амангелді Батырбековтің апелляциялық шағымын қарауға кіріскен Түркістан облыстық соты журналистің әлеуметтік желідегі жазбасына қайта сараптама тағайындаған соң келесі отырысын 30 желтоқсанға белгілеген. Түзеу мекемесінің «мереке күндері сотталушыны тасымалдау қиындық тудыратыны» жайлы хатынан соң сот отырысы 2020 жылдың 6 қаңтарына қалған еді.

Облыстық сот журналистің апелляциялық шағымын қарауға 13 қараша күні кіріскен. 23 қыркүйекте Сарыағаш аудандық соты жергілікті «Сарыағаш инфо» басылымының бас редакторы Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің «Жала жабу» және «Қорлау» баптары бойынша айыпты деп танып, 2 жыл 3 айға бостандығынан айырған. Журналистің үстінен сотқа Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Әбдиев арызданған. Батырбеков өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан.

Оқи отырыңыз: Сот Амангелді Батырбековті түрмеге қамауға үкім етті

Түркістан облыстық соты Батырбековтің апелляциялық шағымын қарап жатқанда Сарыағаш аудандық соты дәл осы екі баппен журналист Амангелді Батырбековтің үстінен қозғалған екінші қылмыстық істі қарай бастаған. Бұл жолы сотқа «Заңғар Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләйла Дарханбаева шағым түсірген. Дарханбаева Батырбековпен бірге «әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін» сотқа тартқан бес адамның арасында журналистің әйелі Гүлзада Баймұратова да бар.

Амангелді Батырбеков – Қазақстанда кәсіби қызметі үшін биыл түрмеге қамалған жалғыз журналист. Осыған дейін халықаралық «Шекарасыз тілшілер» (Reporters sans frontières, RSF) ұйымы мен «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін Батырбековті қамаудан дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырған.

Azattyq