Жұмыста коронавирусқа тест тапсыруды талап етіп жатыр: Есмағамбетова не дейді 

0

Бас мемлекеттік санитар дәрігер ондай талап қойылмағанын атап өтті. Себебі бүгінгі сынама теріс нәтиже көрсеткенмен, аурудың белгілері кейін шығуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым – Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирус тестін талап ететін жұмыс берушілердің әрекетіне пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бүгінде жұмыс берушілердің көбісі тапсырылған тестің анықтамасын алып келуді сұрайды. Біз ондай талап қойған жоқпыз. Талап етуге де кеңес бермейміз. Себебі бүгінгі сынама теріс нәтиже көрсеткенмен, аурудың белгілері кейін шығуы мүмкін», — деді Есмағамбетова бүгінгі онлайн брифингте.  

Оның айтуынша, ұжымда коронавирус жұқтырған адам анықталса, эпидемиологиялық зерттеу жасалады. Сол кезде науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталады. Осы санаттағы азаматтар екіге бөлінеді. Олар – жақын қарым-қатынаста болғандар және потенциалды қарым-қатынас жасағандар.

Оқи отырыңыз: Бас санитар дәрігер немерелеріне қандай вакцина салынғанын айтты 

«15 минуттан артық 1,5 метрден кем қашықтықта араласқандар «жақын қарым-қатынас жасағандардың» қатарына жатады. Ал потенциалды қарым-қатынаста болған адамдардың уақыты сондай, ал қашықтығы 1,5 метрден артық. Бірақ екі топ та тест тапсыруы қажет. Олардың барлығы коронавирусқа тестен тегін өтеді», — деді Есмағамбетова.

Бас санитар жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынастың еңбек заңнамасымен реттелетінін атап өтті. Егер екі жақ тесті тапсыру мәселесін өзара келісіп алса, онда барлығы заңнама аясында шешілуі шарт. Бас санитар дәрігер тарапынан ондай талап қойылмаған.



sputniknews.kz