Жұмысшылар жанжалынан соң Теңіздегі зауыт құрылысы уақытша тоқтады

0

Жұмысшылар арасындағы төбелестен кейін Теңіз кенішін кеңейту үшін салынып жатқан зауыт құрылысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады. Ақпаратты «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы да растады.

«Құрылыс жұмысы жақын уақытта қайта жалғасады» деп мәлімдеді компания. «Теңізшевройл» басқа объектілердің қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Компания зауыт құрылысының тоқтағаны жайлы 29 маусымда болған жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасындағы жанжалдан кейін мәлімдеді. 29 маусымда Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз кентінде CCEP компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шыққан. Атырау облысы әкімдігінің хабарлауынша, жанжалға WhatsApp мессенджерінде тараған сурет түрткі болған.

Суретте компанияда жұмыс істейтін Ливия азаматы қолына рация ұстап, оның ұшын жанында тұрған қызға бағыттап тұрған. Жергілікті жұмысшылар «сурет – қыздың ар-намысын таптау» деп есептеген.

29 маусымда түстен кейін наразылыққа шыққан жұмысшылармен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов кездескен. Жиында «жанжалды ушықтырмауды сұрап, кеніштегі жұмыс мәселелерін» талқыланған.

Әкімдік өкілі оқиғаға байланысты ведомствоаралық комиссия құрылғанын хабарлады. Комиссияға «Теңізшевройл» мен оған қарайтын мердігер мекеме Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) өкілдері кіргені айтылды.

Оқиға кезінде шамамен 40 адам зардап шеккен. Төбелестен соң Теңізден жүздеген ливандық және иорданиялық жұмысшы эвакуацияланған. Ливан және Иордания билігі төбелестен зардап шеккен азаматтарды елдеріне әкетуді ұйымдастырып жатқандарын хабарлады.

«Тенгизшевройл» компаниясы мен Қазақстан билігі жұмысшылар арасындағы төбелесті «тұрмыстық жанжал» деп сипаттады. Компания Теңіздегі жағдай тынышталғанын мәлімдеді.

Азаттық тілшісі сөйлескен аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі «жұмысшылардың көптен бері жұмыстағы [жергілікті және шетел жұмысшылары арасындағы] теңсіздікке байланысты ызыланып жүргенін», «WhatsApp-тағы суреттен кейін шыдамай наразылыққа шыққанын» айтқан.

Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев «Теңізшевройл» компаниясы жетекшілерімен өткен жиналыста «жергілікті және шетелдік жұмысшыларға жасалған жағдай әртүрлі болғандықтан жанжал шыққан. Бұл мәселені ТШО басшылығы жүйелі түрде шешуі тиіс» деген. Әкімнің сөзін Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, «Теңізшевройл» бас директоры Имер Боннер компаниядағы мәселені шешуге уәде берген.

Теңіз кеніші Құлсарыдан – 120 шақырым, Атыраудан 340 шақырым жерде орналасқан.

«Теңізшевройл» мұнай өңдеу концерніне Chevron, ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc, қазақстандық «ҚазМұнайГаз» және LUKArco компаниясы кіреді. «Теңізшевройл» Қазақстанда 1993 жылдан бері істейді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз