«Жұлдыздардың алтын сақина, қымбат сағат таққан кездері болды»: Отандық аспаз бай-бағландармен жұмыс істеу туралы – Қазақстан жаңалықтары

0

Болат Назарбаевтан бастап, Қарақат, Айнұр Тұрсынбаева сынды жұлдыздардың шаңырағындағы  қуаныштарында бірге болып, тойларының жоғары деңгейде өтуіне атсалысатын алматылық Мақпал Нұрғалиева сегіз қырлы, бір сырлы жан. Отандық бай-бағландардың той-домалақтарына қатысып қана қоймай, сонымен бірге соңынан ерген қыздарға шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, Youtube каналында рецептерімен бөлісіп тұрады. Stan.kz тілшісі үлкен сұранысқа ие «жұлдызды аспазбен» хабарласып, сұхбат алған еді. Мақпал жомарт, сараң, долларлап рахметін айтатын тапсырыс берушілері туралы баяндады. 

макпал

Аспаз боламын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген Мақпалдың негізгі мамандығы экономист. Колледжді бітірген соң мамандық бойынша 6 ай ғана жұмыс істеп, айлық табысы аздығына байланысты түрлі тамақтану орындарында даяшы болып жұмыс істеуіне тура келген. Даяшы болу рахметі жоқ, қиын жұмыс екенін түсінген Мақпал «еден жуып кетсем де өз жағдайымды өзім жасаймын, тапқан ақымды адалынан тауып жеймін» деп алған бетінен қайтпаған қайсар қыз.

Бір қызығы отбасымен аспаздыққа жақын екен. Анасынан бастап үйге түскен үш келін де кәсіби аспаз дейді ол. Даяшылықтан кейін қызметі аса сұранысқа ие маман аспаздыққа қалай жеткенін: 

«Даяшылықты тастап, асханаға жұмысшы болып орналасқанда ыдыс жуушы да болдым, залда қонақтарға қызмет те көрсеттім. Бірақ бұл жұмыстың барлығы менікі емес екендігін байқайтынмын. Көп қателіктер жібердім. Сосын мені тағам дайындайтын цехқа жіберді. Сол жерде түрлі салаттарды дайындау барысында осы жұмыс екенін түсіндім. Бұған ықпал еткен сол жердегі үлкен аға қызметкер: «Бұл қыздың жұмысы ыдыс жуу, тамақ тасу емес, осы жерде тамақ жасау» деп айтқанда қолымнан келетін шаруаны, өзімдікін тапқаным үшін қатты қуандым.

Асханада біраз уақыт жұмыс істеп, көпетеген жетістіктерге жеттім. Ондан кейін мейрамхана бизнесімен айналысып кеттім. Осылай көп жылдық тәжірибемен аспаздыққа келдім. Биыл 5 жыл», – деп баяндайды.

Қазіргі таңда белгілі бір мекемеде істейсіз бе?

Тек өзіме ғана пайда болсын деп жан-жаққа бір өзім шапқылап жүрген жоқпын. Өзімнің қол астымда 35 жуық аспаз бар. Оларды оқытып, көрсетіп, үйретемін. Командамызбен тапсырыстар қабылдаймыз. Бұдан бөлек аспаздыққа қызығатын қыздарға арнайы мастер-класстар ұйымдастырып тұрамын. Youtube каналымда жасалуы қиын тағамдарың рецептімен бөлісіп, видео-блогтар салып тұрамын. Қол астымда оқып жүрген аспаздардың да жеке парақша ашып, әры қарай дамуына үлес қосамын.

Өзіме сұраныс өте көп, Аллаға шүкір. Бір барған жеріміз кем дегенде қайтадан 4-5 рет шақырады. Неге десеңіз «тапсырыс берушінікі дұрыс» деген қағиданы берік ұстанғаннан деп ойлаймын.

Қазіргі таңда аспаздықты ресми оқып жатырмын. Себебі маман екеніңді дәлелдейтін дипломың болмаса, кәсібилігіңе күмәнмен қарайтындар көп.

Сізге тапсырыс берушілердің басым бөлігі танымал жұлдыздар…

«Хабар» арнасының жүргізушісі Айнұр Асанберді ханымға алғысым шексіз. Өйткені ол кісінің қуаныштарын бірге атқарғандықтан, қайда барса да мені парақшасында жарнамалап жүреді. Клиенттерімнің тең жартысы сол кісінің парақшасынан көріп келеді.

Танымалдардан кімдер шақырады? Аттарын атап өтсеңіз.

Қарақат Әділдина, Гүлнұр Мамасарипова, Айнұр Асанберді, Гүлбаршын Зайырва, Айнұр Тұрсынбаева, Жанар Байсемізова, т.б. Бұдан бөлек жоғары жақтағы прокурорлар мен сот орындаушыларының үйіне барған кезімде болды. Болат Назарбаевтың шаңырағында жиі боламыз. Әр қуанышы сайын шақырып тұрады. 

Мен танымал адам немесе қарпайым адам екен деп бөлмеймін. Немесе танымал адамдарға жарнама үшін бармаймын. 

мақпалЖұлдыздардың ішінде еңбекақыңызды еселеп беретіндері бар ма? 

Өте көп. Айнұр Асанберді артығымен беріп жіберді. Алмаймын көп қой десем, «Түн-күн демей ұйқы көрмей жүресің. Бұл сенің таза еңбегің», – деп қоймай тұрып алады. 

Шынымды айтсам, жұлдыздардың алтын сақина, қымбат сағаттар таққан кездері болды. Өте қымбат сыйлықтарды аямайды. Бұл адамның еңбегін бағалағаны деп ойлаймын. Өйткені мен оларға ешкім емеспін, туысқаны емеспін, жаңа танысқан адамға мұндай сый көрсетуі таза еңбегімнің арқасы деп ойлаймын. Қасымдағы қыздарыңа бөліп бересің деп долларлап берген кездері болды.

Керісінше сараңдығымен, адами қасиеттердің төмендігімен есте қалып кеткен танымалдар болды ма?

Ондай да болды. Бірақ атын атап, түсін түстемей-ақ қояын. Барынша жаныңды салып, дастарханын жасап бергенде адам қатарынан санамайды. Аспаз болсам да, өз нанымды өзім тауып жүрген адамын ғой. Сен кім едің соншалықты деген тонда келеке етіп, тиісіп, менсінбей, тырнақ астына кір іздеп, жұмыс аяқталғанда сараңдық танытып, ақшасын да бергісі келмейтін кездер болды.

Жұлдыздардың бет-бейнесі тез ашылып қалатын кездер болады. Үйіне барып соң, естелікке суретке түссек бола ма дегенде, бізді менсінбей, алакөзденіп тұратындары да бар. Халық алдында ең қарпайым жұлдыздарымызды жеке өмірде көрсең, танымай қалып жатасың. Тіпті Алласын аузынан тастамайтын танымалдардың ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Сонда екіжүзділікпен өмір сүріп жүргенін түсінеміз. 

Ал жұмыстарыңызға жағаласып, асханаға қайт-қайта кіріп тексеретін кезде сіздің реакцияңыз қандай болады?

Иә, ондай жағдайлар да болып тұрады. Есте қалып қойған бір жағдай болды. Анам екеуміз тапсырыс берушінің үйінде дастарханын тіліп алған кезде сол үйдің әйелі емес, ер азаматы бізге ұрсып, айқайлап дауыс көтерген.

Мен барынша қажет заттарды қабылдап алған соң асханаға ешкімді кіргізбеуге тырысамын. Бірақ өте кірпияз клиенттер де болады. Олар кіріп тексерем, көрем деді ме айтқанынан қайтпайды. Ондай кезде барынша сабыр сақтап, клиенттің айтқанына құлақ асамыз.

Танымалдар неге өз дастарханын өздері жасамайды әлде дүниенің көптігі ме?

Жоқ, дүниенің көптігінен деп айта алмаймын. Кейде менің өзімде уақыт болмайды. Еш нәрсеге үлгермей қаламын. Олар ақшаның көбінен емес, уақыттың жетпегенінен біздің көмегімізге жүгінеді. Бір тиімді жері – біз барлық керекті заттарды өзіміз әкеліп, дастарханын дайындап қойғанда, жұмысынан шығып, қонақпен бірге келетін кездері де болады. Өйткені олар – халықтың алдында ән айтып жүрген немесе жоғары қызметте отырған кісілер. Шаңырағына жай ғана туысқандарына шәй беретін болса да, аста-төк дастарқан жайып қарсы алатын қазақпыз.

Осы қонақ келгенде аста-төк болып шашылуды қоятын кез келмеді ме? Қарапайым шәй ішкеннің өзіне қыруар қаржы жұмсап жататындар бар деп жатсыз…

Дастархан деп шашылатын кісілер өте көп. Олар барынша дастарханда барлық нәрсенің тұрғанын қалайды. Бірақ бізге ысырап болмасын, барлығы өз мөлшерімен болсын деп өтініш айтады. Қуантарлығы ысыраптың не екенін білетін адамдардың көптігі.

Бір дастарханды жасау үшін алатын еңбекақыңыз қанша? Мысалы, 20 адамға арналған бір дастархан  жасау үшін…

Баға әртүрлі. Адам санына байланысты. 20 адамға 35-40 теңге көлемінде болады. Қазақбайшылыққа салынып, бағаны төмендетін кездер болады. 150 адамдық жиынға үш аспаз болып шығамыз. Оның бағасы 170-180 мыңдай болады.

мақпалБір шақырған жер кем дегенде 3-4 реттен қайта шақырады деп айтып жатсыз. Бұл деген сөз сіздің тағамдарыңыз ерекше дәмді ғой. Сізде ас әзірлегенде өзіңізге тән құпияңыз бар ма?

Жоқ, менде арнайы өзіме ғана аян құпия бар деп айта алмаймын. Керісінше, бүкіл қазақ қыздары ата-анасына, бауырларына, күйеуіне дәмді ас әзірлеп берсін деп, Youtube каналымда арнайы сабақтар өткіземін. Ешқандай құпия жоқ.

Аспаздарға қойылатын ең ыңғайсыз сұрақтардың бірі ғой деп ойлаймын. Ас әзірлеп тұрғанда қонақтан бұрын өздеріңіз тұрып жүріп жеу бола ма?

Өте кірпияз адаммын. Өз жасаған тағамымды тұзын көру мақсатында болмаса, тұрып жеу деген болмапты.

Өз ісіңізде не ұнайды?

Шынымды айтсам бала күнімде актриса болуды, танымал болуды ел жұрттың алдында жүруді армандадым. Сол арманымның кішкене де болса бір бөлігі орындалды деп айта аламын. Танымал жұлдыздармен жұмыс істеймін, бағдарламалар мен сұхбаттарға шақырып тұрады. Оның үстіне аспаздар арасында сұлулық байқауына қатысқанда менің өнеріме, сырт кескін- келбетіме тамсанған, қазылар алқасында отырған Жазира мен Жанболат бейнебаянға түсуге ұсыныс жасаған кездері де болды. Бірақ ақшаның аздығынан мен ұсыныстан бас тарттым. Қазір сұраныс өте көп. Белгілі бір өз аудиториям бар. 

Не ұнамайды?

Жұмыс уақытында тапсырыс берушілердің бізді адам қатарынан санамайтын кездері болады. Кейде, тіпті, жекіріп, айқайлап, неге тұрсың, еденді сүртіп ал деп жататындар да бар. Он саусағымыздан бал тамып, ақ дастарғанына адал асын ұсынып отырғанда қалайша солай айтады? Осындай кездерде өзімді төмен санайтын кездер болады. Одан бөлек қатты ыстықта далада темір ошақтың жанында тамақпен бірге пісіп қалатын кездер болады.

Әлі тұрмыс құрмаған екенсіз. Танымал адамдардың арасында сізге ұсыныс айтатындары бар ма? Қолынан бал тамып тұрған әдемі аспазға жігіт қармайды дегенге сену қиын.

Қымызды кім ішпейді, қызды кім сұрамайды дегендей, қарамады емес, қаншама жігіттер болды. Танымалдардың арасында әттең келіншек алмағанымда сені алар едім дегендері де бар. Олардың аттарын атай алмаймын. Көп үйлерге барған кезде менің басымның бос екенін білгенде өздерінің інілері мен ағаларын айтып жатады. «Мына қыз сонша жасқа келген екен. Әлі тұрмыс құрмаған. Қазір жігіт айтсақ, бұл жақсылап істеп береді, көне салады» деген оймен де айтып жатады.  

 

Cұхбаттасқан: Жанна Мәлік

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз