Желіде қаскелеңдік шенеуніктің видеосы тарап кетті – әкімдік түсініктемесі

0

Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігі желіні шулатқан оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Видеодағы шенеунік – Қарасай ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы

Әлеуметтік желіде шенеуніктің Қаскелең тұрғындарымен темекі шегіп сөйлескен сәті түсірілген видео тарап жатыр. Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігі осыған қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Желіде жарияланған видеодан шенеуніктің тұрғындармен кездесуде әдепсіз қылық танытқаны анық көрінеді. Қызметкер дөрекі сөйлесіп, темекі тартып тұр. Кадр сыртындағы әйел оған адамдармен сөйлесіп тұрғанда шылым шекпеуді ескертеді.

«Сіз адамдармен қалай сөйлесесіз? Қандай да бір этика болуы керек», — деп ашуланады тұрғындар.

«Ендеше, мен әдепсізбін», — деп жауап береді шенеунік. Кейінірек ер адам қолындағы темекі тұқылын балалар алаңына лақтырып жібереді.

Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігі желіні шулатқан оқиғаға қатысты түсініктеме берді.  Қарасай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әсет Нұрекеновтің айтуынша, бұл жағдай кеше Қаскелең қаласында болған.

«Қаскелең қаласында модулді қазандық салынып жатыр. Тұрғындар қазандық керек емес деп, әкімдіктің жұмысына кедергі жасаған. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының маманы барып түсіндіру жұмысын жүргізген. Сол кезде темекі тартты», — деді Нұрекенов Sputnik Қазақстанға. 

Айтуынша, видеодағы шенеунік – Қарасай ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ермек Нәбиев.

«Бүгін түсініктемесін алдық. Әдеп кодексі бойынша аудандық штабымыз бар, осы мәселені сонда қарастырамыз. Қызметтік тексеріс болады, кейін қорытындысы шығады», — деп нақтылады ол.

Бұған қоса, Нәбиевке темекі тұқылын рұқсат етілмеген жерге тастағаны үшін айыппұл салынған.