Жедел жәрдем науқастарға велосипедпен барып жүр

0

Балалар жақсы көретін «Маша мен аю» мультфильміндегі жедел жәрдем көлігі естеріңізде ме? Қазақстанның көшелерінен қызметте жүрген сондай ескі УАЗикті көріп, күліп едік қой. Әлеуметтік желіге «қырдағы қасқырлардан тартып алыпты» деп тозығы жетіп шіри бастаған жедел жәрдем көлігінің суретін жүктеді ғой. Олардікі қайта Қызылорда облысымен салыстырғанда жақсы екен. Шиелі ауданында шұғыл бригада шақыртуларға велосипедпен баруға мәжбүр. Тартоғай ауылының ақ халаттылары нағыз тар жолда тайғақ кешіп жүр қазір. Олар Маша туралы мультфильмдегі қасқырлардың шіріген көлігіне де зар. Қысқасы, жеделі кетіп жәрдемі ғана қалған 103-тің өзіне шұғыл жәрдем қажет! Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

— Тартоғай дәрігерлік амбулаториясына қарасты жедел-жәрдем көлігінің бүгінгі сыйқы мінекей мынадай. Өздеріңіз байқап тұрғандай темір тұлпардың техникалық жағдайы бүгінде еш сын көтермейді. Жүргізушілердің айтуынша бүгінде көліктің тежегіші кеткен екен.

17 жыл бойы пайдаланылған техниканың жүргенінен тұрғаны көп. Сондықтан дәрігерлер оған сенуден қалыпты. Ал, Тартоғай ауылында пневмонияға шалдыққан 13 адам тіркелсе, оның 4-уі аудан орталығындағы ауруханада жатыр. Тұрғындар індет кезінде шақыртуға дәрігерлер арнайы техникамен келудің орнына велосипед теуіп жүргендеріне көңілдері толмай отыр.

БЕРДІБЕК ЕРШОҚАЕВ, ТАРТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Кіріп келеді, шығады, шаң ала сапыран. Мынау қазір больница емес, проходной двор шындап келгенде. Иә мұнда скорый жоқ дені дұрыс, ескі скорый. Мына медиктерді кінәләй беруге де болмайды. Атасына мың да бір рахмет. Күн шақырсаң күн келеді, түн шақырсаң түн келеді, жаяу келеді, велосипедпен келеді болмаса өзімнің көлігімізбен әкелеміз».

Дәрігерлік амбулатория қызметкерлері науқастардың тасымал мәселесі расында қиын екенін мойындап отыр. Тіптен аудан мен облыста отырған басшылар да хабардар, дейді.

РАҚЫМЖАН ПАЛЫМБЕТОВ, ТАРТОҒАЙ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯСЫНЫҢ АҒА ДӘРІГЕРІ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Жедел-жәрдем машинасы өте ескі болғандықтан бұзылып, жүруге жарамсыз болып қалады. Сондай кездерде біздің жетуіміз қиын болып, велосипедпен, кейде жаяу, жеке машиналармен барып қызмет көрсетеміз. Аудан, облыс көлемінде ауыр науқастарды жеткізу кезінде енді бір-екі жағдайлар болды жеке таксилерге жағдай айтқан күдеріміз».

Тартоғайлықта ауыл әкіміне де өкпелі. Елді індет жайлаған кезде ол дәрігерлерге де, халыққа да еш көмек бермеді, дейді.

БЕРДІБЕК ЕРШОҚАЕВ, ТАРТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ — Әкім тараптан ешқандай көмек жоқ. О баста бұл жерде екі скорый болған. Ойбай деді, жиналыс болып новый скорыйды ауданға алды да кетті. Сол кезде осы әкім өзі жауап берген: мен дейді қараймын, өзім көлік тауып беремін. Бұл скорыйдың Тартоғайға қажеті жоқ деп шығарып салған.

Әкімге де жолықтық. Ол басқаша сөйледі.

ДОСМАТ СҮЙІНДІК, ТАРТОҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГЫНЫҢ ӘКІМІ — Ауыстырылған көлік жақсы жүріп тұр қазір. Енді оның жүруі көбіне жүргізушіге байланысты. Оған қоса мобильдік топ құрылған ауылда. Барлық мекеме басшылары, мекеменің көліктері кез-келген уақытта біз жәрдем беруге дайын тұрамыз.

РАҚЫМЖАН ПАЛЫМБЕТОВ, ТАРТОҒАЙ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯСЫНЫҢ АҒА ДӘРІГЕРІ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Кезінде біз осы жерден науқас жіберетін кезімізде, жедел-жәрдем машинасы бұзылып тұрғандықтан біз ол кісілерге звондап та айттық. Бізге көмек керек, машина деп. Ауру жеткізуіміз керек дегенімізде ешқандай көлік тауып бере алмады».

Әкімнің «халыққа көмек беріп жатырмыз» деген сөзін ауылдың бас дәрігері жоққа шығарды. Тіпті ол аздай індетпен күресіп жатқан ақ халаттыларды сенбілікке шығарып қойған көрінеді.

ШАЙГҮЛ ҚОЖАНТАЕВА, ТАРТОҒАЙ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯСЫНЫҢ ЛАБОРАНТЫ – «Күн демей, түн демей жұмыс жасап жатырмыз. Соған қарамастан 6-шы күні бізге телефонмен звондап, суботникке шығындар деді. Біз қанша шаршап жатсақ та ұялғанымыздан көшеге шығып, мусорларды тазалаймыз, целофан, бакложкалардың барлығын өртеп сөйтіп қайтамыз».

Осылайша Тартоғайда медицина қызметкерлері негізгі жұмысынан бөлек қоқыс жинауға мәжбүр. Ал, Шиелі ауданының бас дәрігері жақын арада ауданға 5 су жаңа жедел-жәрдем көлігі әкелінетінін  жеткізді. Оның біреуін осы Тартоғайға береміз деп уәде берді.