Жарты жыл бұрын Алматы облысының ауруханасында көз жұмған жасөспірімнің неден қайтыс болғаны әлі анықталмады — Қазақстан жаңалықтары

0

Осыдан жарты жыл бұрын Алматы облысы Есік қаласындағы орталық ауруханада 14 жастағы Жаннұр Ержігіттің неден қайтыс болғаны әлі нақты анықталмай отыр.

Жарты жыл бұрын Алматы облысының ауруханасында көз жұмған жасөспірімнің неден қайтыс болғаны әлі анықталмады

Бұл туралы 31 арна хабарлады, деп жазады Stan.kz

Оқушының ата-анасы Еңбекшіқазақ ауданының полициясы тергеуді созып, күрделі медициналық-сараптаманың жүргізілуін қасақана тежеп отыр деген ойда.

Жаннұрдың жер қойнауына берілгеніне жарты жылдың жүзі болған. Ата-анасы тұңғышынан айырылып қалғанына қапыда қан жұтып жүр. Әсіресе, тұңғыш немересіне үлкен үміт артқан атасының жан жарасы жазылар емес. 

Қазанның 26-сы күні Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына астан улану симптомымен түскен Жаннұр Ержігітұлының екі күннен кейін жансақтау бөлімінде демі үзілді. Дәрігерлер бала дерттің асқынуынан, яғни жедел инфекциялы-миокардиттен қайтыс болды деген. Бірақ, ата-анасы Жаннұр дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болғанына сенімді. Ал полиция медицина қызметкерлерінің қателігін жасырып қалу үшін тергеуді дұрыс жүргізбей отыр дейді. Себебі, баланың не себепті қайтыс болғанын анықтайтын күрделі сараптама  әлі күнге дейін жасалмай отыр екен. 

«Нақты қазіргі тергеуші Дамир Нұрқасымовтың анасы осы біздің Еңбекшіқазақ ауданындағы ауруханада жұмыс істейді. Одан жоғарғылардың да таныстары, туыстары, әпкелері, әйелдері  ауруханада істейді. Яғни, бір-бірімен байланыстар ыбар. Сондықтан, бұл істі тоқтатып тұр деп ойлаймын»,- дейді Жаннұрдың әкесі.

Ал Алматы облыстық полиция департаменті Жаннұр Ержігіттің қазасына қатысты қылмыстық істі өз өнтірісіне алғанын хабарлады.

«Осы дерек бойынша тағайындалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен баланың ата-анасы келіскен жоқ. Осыған орай, қазір Нұр-Сұлтан қаласында тағы да медициналық сараптама жүргізу тағайындалды»,- деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.

Жасөсіпірімнің ешқашан денсаулығына шағым айтпағанын мектегі ұстаздары мен сыныптастары да растап отыр. Керісінше, Жаннұр барлық спорттық, қоғамдық шараларға белсене қатысқан екен. Ал дәрігерлер қойған диагноз рас болса, ол кардиологта есепте тұрып, белсенді өмір салтын ұстана алмас еді, дейді ашынған ата-ана.

 

stan.kz