«Жап-жас, сау қыз»: Алматыда липосакция жасатпақ болған әйел ажал құшты — Қазақстан жаңалықтары

0

Артық майдан құтыламын деген 36 жастағы Жәмила Жылқайдарова үш күн бұрын жеке клиникада көз жұмды. Төрт  баланың анасына жасалған пластикалық операция сәтсіз аяқталған. Ал орталық хирургтері келіншектің көз жұмғанын туыстарға кеш жеткізіпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап. 

келіншек

Алматылық Жәмила Жылқайдарова әдемі, әрі сымбатты көріну үшін тері астындағы майын алдыруға бел буған екен. 36 жастағы келіншек пластикалық отаға ұзақ дайындалған. «Тіпті Мәскеуге барып мамандардан кеңес алды» дейді жақын құрбысы. Өзі де былтыр осы клиникада липосакция жасатып, яғни, денесіндегі артық майын алдыртыпты.

«Жап-жас, сау қыз. Неге мен оны тоқтатпадым? Білмеймін. «Барамын да, келемін, жасаймын, ақшасын төлеймін, әдемі боламын» деген. Солай аяқталарын кім білген?… Кететінін, келмейтінін…», — дейді марқұмның құрбысы Әйгерім Тобылдинова.

«Дене бітімін» түзеймін деп өмірмен қош айтысқан келіншек ота жасатуға 3 млн 100 мың теңге төлеген. Оның қазасы туралы алғаш болып қайын ағасы естіпті. Клиникаға бірінші болып жеткен Азамат Ауылбековтің болжамынша, келіні Жәмила хирургтар айтқан уақыттан ерте көз жұмған. Ал жақындарына кеш хабарлануын «ізін жасырудың амалы» деп түсінеді марқұмның жақындары.

«Егер келініміз таңғы 7-де көз жұмса, мына жерде жедел жәрдем, полиция болатын еді. Мен клиникаға сағат 11-де келген кезде ешкімді көрмедім. Есесіне, клиниканың адвокаты жүр. Бұлар алдын ала дайындалған. Келініміз жұма күні үйден өз аяғымен кеткен. Оны отадан кейін мейірбикенің қарауында қалдырғаны анық. Бақылау камерасынан сол күнгі жазбалар өшірілген. Пластикалық ота жасай алмайтын орталықты мүлдем жабу керек», — дейді марқұмның қайын ағасы Азамат Ауылбеков.

Қазір адам денесіндегі майды хирургиялық әдіспен алатын дәрігерлер тергеліп жатыр. Жарнамасы жер жарған медициналық орталықтың есігі жабылып, ҚК-тің 317-бабымен іс қозғалды.

«Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша, медициналық қызметкерлер өз қызметіне немқұрайлы қарағандықтан және дер кезінде медициналық көмек көрсетпегеннің салдарынан адамның өлімі болуы мүмкін», — дейді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сараптама қорытындысы 20 күннен соң әзір болады. Құзырлы орган медициналық орталықтың лицензиясын тексермек. Ал ертең Талдықорғанда Жәмила Жылқайдарованы ақтық сапарға шығарып салады. 36 жастағы келіншектің артында жолдасы мен төрт баласы қалды.
 

stan.kz