«Жанып кетесің» Теміртау тұрғыны 11 жастағы баланы өрттен құтқарды

0

Теміртау қаласының шетіндегі иесіз қалған ғимарат отқа оранған. Осы сәтте онда балалар ойнап жүрген

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Теміртауда 27 жастағы Ұлықбек Исмаилов иесіз ғимаратта ойнап жүрген баланы өрттен құтқарды, деп хабарлады etemirtau.kz порталы.

Қала тұрғыны өрт шыққан жерге ағасымен бірге сатылымға шығарылған жерді қарауға барған. 9А шағын ауданындағы жартылай қираған ғимараттың жанынан өтіп бара жатып, назары терезеден шыққан қою қара түтінге ауады. Осы сәтте ғимараттан балалардың көмекке шақырған жан дауысын естиді.

Ұлттық ұлан сарбаздары жанып жатқан көліктен бүлдіршінді құтқарып қалды

«Тоқтап, ғимаратты қарадық. Онда балалар бар екен. Бізді көрген кезде 1-2 бала терезеден секірді. Бірінші баланың жасы шамамен 13-те еді. Екінші бала 11 жаста болуы мүмкін. Оның бойы кішкентай болатын. Қиналып демалды. Біз оған барып, «Давай, секір» дедік. Ол қорқып тұрды. Ғимаратты қою қара түтін басты. Осы сәтте оған «Қазір жанып кетесің! Егер секірмесең, жанып кетесің» деп түсіндірдім. Сонда ғана ол маған қарай секірді. Оны ұстап үлгердім», — дейді Ұлықбек Исмаилов

Қорқып қалған балалар жанып жатқан ғимараттың ішінде басқа адамдардың бар-жоғын айта алмаған. Ержүрек тұрғын өртке қарамастан жақын маңдағы ғимараттардың ішін тексеріп шыққан. Ғимараттың қақпасын ашқан кезде жел соғып, өрт күшейе түсіпті. Оны сөндіру үшін құтқарушыларды шақырыпты.

«Олар өртті сөндірді. Осыдан кейін иесіз қалған ғимаратта пропан болғаны анықталды. Бір емес, екеу болған. Неге екені белгісіз, олар жарылмаған», — дейді 27 жастағы Теміртау қаласының тұрғыны.

Ұлықбек Исмаилов өзінің ерлік жасағанын 1 сағанттан соң ғана білген. Алайда жас кәсіпкер өз әрекетін ерлік деп санамайды. Ол мұндай қадамға әрбір адам барар еді дейді.

«Болған жағдайды біреу видеоға түсіріп, интернетке салыпты. Бір сағаттан соң, жақындарым хабарласып ізгі тілектерін білдірді. Әкімдіктен хабарласты. Мұндай жағдайды көргеннен кейін адамға қалай көмектеспейсің? Бұл – әрбір адамның парызы. Менің орнымда басқа біреу де осындай қадамға барар еді», — дейді Ұлықбек Исмаилов.

Мамандар өрттің себебін анықтап жатыр. Балалардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.



sputniknews.kz