Жанарбек Әшімжан: Тоқсан жастағы қариядай селкілдеп сөйлей алмай отырған Әлібидің әкесін аяп кеттім — Қазақстан жаңалықтары

0

Ақтөбедегі айыпталып жатқан лагерь тәрбиешісі Әлібидің ісі әлі де бір шешімін тапқан жоқ. Ұстаздары мен жақындары, өнер өкілдері Әлібидің кінәсіздігін айтып алаңдаулы. Әлібиді ақ деп жақтаған жандардың саны көп. Осы ретте журналист, публицист Жанарбек Әшімжан үн қосты.

Бүгін «Еуразия-1» арнасынан қоғамда көп талқыланған Ақтөбедегі жазғы лагерьге жұмыс істеуге барып, жауқазын өміріне жасын түскен «Әліби Өтепберген ісіне» қатысты бағдарламаны көріп… жүрек атша тулап кетті. Алғашқыда «артистеріміз байыбына бармай байбалам салып жатқан болар…» деп ерен санамағымызды несіне жасырайық? Іс насырға шапқан екен. Бүгінгі бағдарлама біраз жайттың бетін ашты. Үміт үркіп тұр. Облыстық аппеляциялық алқада өзгеріссіз қалған үкімнің ендігі тағдыры бас таразыда.

Айтқан жерден жырақ, әл-әзір көзі жасқа, көкірегі шерге шыланып, осынау топалаңға толы тоғыз айда тоқсан жастағы қариядай селкілдеп сөйлей алмай отырған әкені құдіреті күшті Құдай тағаланың бұйрығы болмаса, адам қолымен мөрленген бұйрық жұбата алмауда… Жоғары сот істің ақ-қарасын айырып, қара қылды қақ жарады деп үміттенейік. Үмітімізге үкі тағайық. Әйтпесе, қылдан тайса арғы жағынан мөлдір әлем көрініп тұрған жас өмір тас тиген әйнектей талқан болмақ. Ол қайтып бүтінделмейді.

«Басында жиырма, келе-келе жетеу қалып, ақыры жалғыз арызбен 10 жыл арқалап кетті» деген аты жаман бапқа байланған баланы қоғам жамандыққа қимай тұр. Тіпті «бастапқыда баламыздың сөзіне сеніп арыз жаздық» деген бір емес, екі ата-ана тікелей желіге шығып, Әлібидің обал-сауабы мойнымызда кетпесін деп шырылдап ара түсті. Уәждерін қос-қостан түйіп тастап қорғаушылар отыр. «Тәубесі берік болатын. Тәулік бойы бірге жұмыс істеп жүргенде бөтен қылығын көрмедік, мәдениетті, елгезек» деді тәрбиешілікті қатар атқарған әріптес қыз. «Кішкентайынан көтеріп бақтым, үйдің үлкені едім», — деп жазды Жанарбек Әшімжан желіде. 

Журналист Әлібидің ісі әділеттілік тапса деген ниетте. Әлібиді үлкен тұлғалардың, өнер адамдарының жақтап жатқанын атй

Бес жыл бұрын қайтыс болған анамызға деген құрметі бөлек болды. «Еңбектің наны тәтті» деп, жазғы каникулында ақша табуға ниеттенген еді. Өзі балажан, өскенде көп балалы әке болуды армандады» деп көз жасын тия алмай отыр құрсағы бір, ғұмыры бөлек әкпесі. Өзегін өксік буған әйгілі актриса Меруерт Өтекешова шәкіртінің мұндай жаман қадамға аттап баспайтын ақ-адал жан екенін айтып жанұшыруда. Өзге ұстаздары да сап түзеп тұр.
Әрине, заң — ханға да, қараға да ортақ. Қолмен істегенді — мойынмен көтеру керек. Тағылған аты өшкір айып тап солай болса, тіпті үстіне тағы он жыл қосып беру керек. Ал, нақақ жаланың құрбаны болса ше? Сондықтан дәйегі мәйексіз, дерегі бұлыңғыр істі қайта қарауға жіберу керек. Тап осы тұста үміт пен күдік, ақ пен қара қатар алмасып, үлбіреп тұрған өндірдей өспірімнің ісіне көңіл сенбейді. Ниетке қасқыр шаппасын, шапса қиын екен… Ендігі бар үміт көзі байлаулы Бас қазыда. Құдай тағала Қазыға әділдік, әкесіне сабыр берсін! Жаратқан жар болсын!  Бала-шағамызды көлденең жала мен наладан сақта, ҚҰДАЙ!

stan.kz