Жаңаөзен оқиғасының жасөспірім куәгері

0

23 жастағы Айткүл Аманжолова 2011 жылы Жаңаөзендегі орта мектептердің бірінің 10-сыныбында оқитын жасөспірім оқушы қыз еді. Ол әкесі Дүйсен Нұровтың аяғына оқ тиіп, алаңда қансырап жатқанда оны құтқару үшін ересектермен бірге жүрген. Кейін тек әкесін емес, алаңдағы барлық басқа оқ тиген, қайтыс болған адамдарды көлікке бірге тиесіп, сол бір қанды оқиғаның ең жас куәгерлерінің біріне айналды.

Жаңаөзен оқиғасының куәгері Айткүл Аманжолова ата-анасының үйінде. Жаңаөзен қаласы. 17 желтоқсан 2018 жыл.

Жаңаөзен оқиғасының куәгері Айткүл Аманжолова ата-анасының үйінде. Жаңаөзен қаласы. 17 желтоқсан 2018 жыл.

Оқ тиіп құлаған адамдар, ыңырсыған дауыстар, тиген оқтан шошынып, жылау орнына күліп жүрген жерлестері, тіл тартпай кетіп, жансыз жанарлары аспанға қадала қатып қалған жансыз денелер, өртенген ғимараттар мен оның екі күнге созылған қара түтінді жалыны. Бұл суреттер Айткүлдің жадында мәңгі қалды. Содан бері өзі екі баланың анасы атанып, отбасын құрғанымен қорқынышы әлі күнге дейін тарамаған. Мәскеу қаржы институтының Ақтөбедегі филиалында сырттай оқитын жас ана – Азаттық тілшісіне өткеннің естелігін баяндауға келіскен аз адамның бірі. Қалған куәгерлер билік үшін жабық тақырыпқа айналған бұл оқиға туралы жақ ашып, сөйлегісі келмейді.

«АЙКО, КӨМЕКТЕС!»

2011 жылғы желтоқсанның 16-сында Айткүл Аманжолова әдеттегідей таңертеңгі сабақтан шығып, мұнайшылар ереуілдеп тұрған Жаңаөзен қаласының орталығындағы алаң маңындағы пәтеріне келе жатқан. Мектеп оқушыларының мұнайшылар ереуілімен шаруасы жоқ, мұғалімдері тәуелсіздік мерекесіне орай алаңға шығатындар болса, ақ футболка киіп келуді сұраған. Ол мерекелік шараға бармайтынын айтып, бірден үйіне кетіп қалғанын айтады. Бұл уақытта биліктен әлеуметтік жағдайды жақсартып, жалақыны өсіруді талап етіп, орталық алаңнан кетпей тұрған жаңаөзендік мұнайшылардың наразылығынан тұтас ел хабардар болған. Үйінде ата-анасының жоқтығын көрген Айткүл қатты уайымдап алаңға барған. Өйткені мұнай өндіру саласында жұмыс істейтін әке-шешесі де ереуілге шыққан.

– Бір түрлі ішім бірдеме сезгендей болды. Алаңда шырша құлап, соғыс болғандай бәрі төңкеріліп жатыр. Мен «мамам қайда сонда?» деп қатты шошып кеттім. Сахнаның айналасы бәрі аударылып, алаң адам танығысыз екен. Артында оқ тиген адамдар қансырап жатыр. «Енді қайттім, әке-шешем аман болса екен» деп жүгіріп келе жатыр едім, папамды көрдім. Бір аяғы жарылып, қып-қызыл қан, артқа қайырылып кетіпті. «Айко, көмектес» деген дауысын әзер естідім, – дейді ол.

Жаңаөзен куәгері Айткүл Аманжоланың екі баласы атасы Дүйсен Нұровтың қолына су құйып отыр. Жаңаөзен қаласы. 17 желтоқсан 2018 жыл.

Жаңаөзен куәгері Айткүл Аманжоланың екі баласы атасы Дүйсен Нұровтың қолына су құйып отыр. Жаңаөзен қаласы. 17 желтоқсан 2018 жыл.

Айткүл алаңда ереуілде тұрғандардың бәрін әке-шешесімен ілесіп барып жүріп әбден танып алғанын айтады. Солардың бірінен анасын сұрап білген. Алаңның ортасында аман есен келе жатқан анасы Шолпан Өтекееваны көріп қалып, жүгіріп барып құшақтап, жылап жіберген.

– Оқтың дауысы тарсылдап жатыр. Оған қарап жатқан жоқпыз. Мамам маған «мен қазір келемін, ана жақта адамдарға көмектесу керек» деп алаңның бір шетіне жүгіріп кетті. Мен де жүгірдім. Көшеде өтіп бара жатқан УАЗ көлігін тоқтатып, ішіне жерде қаны ағып жатқан адамдарды сала бастадық екеулеп. Ол сол машинаға мініп кетті, біз туысқан апаммен әкемді артынан ауруханаға жеткіздік, – дейді куәгер.

Айткүл ауруханадағы көріністен есеңгіреп, қозғала алмағанын айтады. Әкесімен бірге талай көрген соғыс туралы фильмдердің көріністері өңінде қайталанады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Адам тасып, туысын іздеп, ыңырсып, айқайлаған дауыстан басы айналған.

– Ауруханаға да оқ тиген бе, терезі шағылып жатыр. Адамның көптігі сонша сыймай дәлізде жерде жатыр. Бір әйел адам санына оқ тиген. Үстіндегі шалбары дал-дұл болып, тиген оқтан еті жалбырап, сүйегі көрініп тұр. Бірақ ол жыламайды. Өзі түсінбеген сияқты неге тап болғанын. Тағы бір ірі сары келген ер адам, оның үстіне бытыра тиген бе, киімінің алды және арты көп, толған тесік-тесік. Ол айқайлап күліп жүр. Кинода осындай болғанда құлап қалатын еді, мына кісі аяғымен жүр ғой деп таң қалдым. Біреудің қолына, біреудің бетіне тиген. Сыртқа шығып кеттім. Қайда бара жатқанымды өзім білмеймін. Оқ тие ме деп те қорыққаным жоқ. «Аруана» қонақ үйі лапылдап жанып жатыр екен. Бір кішкентай терезеден адамдар компьютерлерді, тағы бірдеңелерді лақтырып жатыр. Оттың лапылдағаны сонша көз ала алмадым, – дейді ол.

Айткүлдің айтуынша, сол күндері адамдардың шынайы басынан кешкен жайттары түсірілген видеоларды таныстарынан көрген. Өзі де болған оқиғаны қол телефонына түсірген, бірақ видеоклиптердің бәрін үйін тінтуге келген құқық қорғау орындарының қызметкерлері жойып жіберген.

«АПА, МЕНІ ҚҰШАҚТАП ЖАТШЫ!»

Шолпан Өтекеева оқ тиген күйеуі, «Өзенмұнайгаз» мекемесінің жұмысшысы Дүйсен Нұровты алдымен Ақтауға, кейін Астанаға емдетуге алып кеткен. Айткүл үйінде туысқан апасымен жалғыз қалып қойғанын еске алды. Базарлар толық жабылып, қала бірнеше күн өлі күй кешкен. Байланыс та болмаған. Қаланы толық қоршауға алған қарулы әскердің сұсынан жасөспірім қыз үйде азық-түлік бітсе де, бір-бірлеп қайта ашыла бастаған дүкендердің біріне баруға қорыққан.

– Үйдегі бар тамақты жеп жаттық. Мені мамамдар өздерімен бірге әкетпеді, мектепте сабағым болған соң. Бірақ сабақ та бірнеше күн болған жоқ. Терезеден қала көшелерінде жүрген танктерді, әскерилерді көріп соғыс болып жатқандай сезінемін. Күндер өтіп жатты. Түн болғанымен сырттағы жарықтан үйдің іші жап-жарық болады. Біз терезені жауып пердемен, тек ортадағы дәліздің жарығын қалдырамыз. Қасымдағы апам ұйықтап қалғаныммен мен көз іле алмай жаттым. Үйіміз бірінші қабатта болғандықтан терезенің маңындағы тарсыл- тұрсыл анық есітелді. Бір кезде терезеге өрмелеп, ішке кірмек болған адамның сұлбасы байқалды. Мен қатты қорқып, дірілдеп, жан дауысым шыға айқайлайдым. Көрпені басыма дейін жауып алдым. «Апа, апа, мені құшақтап жатшы, үстіме жатып алшы» деп айқайлаумен болдым. Осы қорқынышқа бұған дейін көргендерім қосылып күн батса, ұйықтай алмайтын болдым, – дейді Айткүл.

Ол туыстары өзін «қазақи еммен» емдегенімен сол қорқынышының осы күнге дейін қалғанын айтады. Айткүл Аманжолова Жаңаөзен оқиғасынан бері жеті жыл өтсе де, тұрғындарға психологиялық реабилитация жасалмағандықтан бір кезде жүрегіне жиналған қорқыныштан арылудың жолын өзінше ойлап тапқанын да айтып берді.

– Мен [Жаңаөзен оқиғасы туралы] барынша ойламауға, жақсы заттар туралы ойлауға тырысамын. Бірақ осы күнге дейін кеш батса, денемді билеген қорқынышты жеңу үшін телефоннан әзілдер көремін. Ал күйеуім үйде болмаған кезде атасының қасына жататын екі баланың бірін «менің қасымда ұйықтайсың» деп алып қалып, соны құшақтап жатып ұйықтап кетемін, – дейді ол.

ҚАТЫГЕЗДІКТЕН ҚАШУ

Айткүл Аманжолова қанша уақыт өтсе де, шағын қаласында болған елеулі қанды оқиғаны ұмытуы мүмкін емес екенін айтады.

– Бәлкім адамдар өздерін өздері жұбатып, ұмытуға тырысатын болар. Себебі бәрінің балалары бар, солар алаңсыз ер жетсінші дейтін болар. Солар үшін ұмытып кетуге тырысатын болар. Бірақ бұл өте қиын, – деді ол Азаттыққа.

Айткүлдің бес және төрт жасар екі ұлы бар. Ол балаларын мейірімді етіп тәрбилеуге тырысып жүргенін айтады. Ол Жаңаөзенде өзі көрген полиция өкілдерінің әрекетінен соң балаларын бауырмалдыққа тәрбиелеу арқылы қатыгездікті жеңе аламын деп ойлайды.

– Балаларым балабақшадан достарымен төбелесіп келгенде мен оларға «ештеңе етпес, ол – сенің досың, сен – батырсың, сондықтан жыламай онымен дос болып кетуге тырыс» деп айтамын. Мен оларға «сен де оларды ұр, жеңіліп қалма» деп ешқашан айтпаймын. Егер мен оларға «сен де оларды ұр, соқ» деп айтсам, Жаңаөзендегі соғыстай қатыгез азамат болып кете ме деп ойлаймын, – дейді ол.

Жаңаөзеннің орталығындағы ереуіл болоған алаңның жеті жылдан кейінгі келбеті. 5 желтоқсан 2018 жыл

Жаңаөзеннің орталығындағы ереуіл болоған алаңның жеті жылдан кейінгі келбеті. 5 желтоқсан 2018 жыл

Қазақстандық белсенділер Жаңаөзен оқиғасына куә болған ересектер мен жасөспірімдерді психологиялық сауықтыру қолға алынбағанын жиі айтады. Былтыр Азаттыққа арнайы сұхбат берген жаңаөзендік мұнай жұмысшыларының белсендісі, осы оқиғадан кейін сотталып шыққан Роза Төлетаева:

– Бұрғылау жұмыстары басқармасында тек ереуілші жігіттер еңбек етеді. Олардың арасында қайтыс болып жатқандар көп. Оның салдарын осы 2011 жылдан іздеймін. Депрессия мен стресс – бар аурудың басы. Мұнайшылар – қарапайым адамдар, олар психологиялық қолдау, ем керектігін түсінбейді, – деген.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде аяғына оқ тиіп, жарымжан болып қалған Жанболат Жаманқараев 2014 жылы Азаттыққа Жаңаөзен оқиғасынан кейін өзіне ешқандай психологиялық көмектің болмағанын атып шағынған. Ол «әлі күнге түнімен түрлі түстер көріп шошып оянатынын» айтқан.

Полиция оқ атып таратқан қайғылы ереуілдің себептерін зерттеу үшін құрылған қоғамдық комиссиялардың біріне мүше болған оппозициялық белсенді, режиссер Болат Атабаев 2012 жылғы қаңтарда Азаттықа берген бір сұхбатында:

– Жаңаөзенде психотерапевтер жұмыс істеуі тиіс. Жаңаөзенде психологтар жұмыс істеуі керек. Реабилитация деген сөз бар. Халықтың жағдайы қиын қазір. Сол жердегі тұрғындармен сөйлессеңіз, адамша сөйлей алмайды. Әбден психологиялық дертке ұшыраған қазір. Ана атысты, өлімді көрген балалар не болды?! – деген.

Жергілікті билік пен мұнай компаниялары жараланған мұнай жұмысшылары мен олардың отбасыларына емделу үшін қаржы бөліп, кейін бірқатарын қайта жұмысқа алған. Олардың ішінде Айткүл Аманжолованың әкесі Дүйсен Нұров та бар. Бірақ жаңаөзендіктердің психологиялық жәрдем беру туралы өтініштеріне қатысты билік орындары қандай да бір анық мәлімдеме жасаған емес.

2011 жылғы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшыларға қарсы оқ жаудырып, күшпен таратқан. Кейін ресми есеп бойынша, 17 адамның қаза болып, 100-ден астам адамның жараланғаны анықталды. «Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деген айып бойынша 37 адам сотқа тартылып, оның үшеуі толық ақталып шықты. 21 адам шартты түрде, ал 13 адам үш жылдан алты жылға дейін сотталған болатын. «Өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен бірнеше полицей де жауапқа тартылған еді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар Батыс елдері Жаңаөзендегі полиция мен арнайы күштердің қатыгез әрекеттерін сынап, Қазақстан билігінен қанды оқиғаға жол бергендерді әділ түрде анықтап, жазаға тартуды талап еткен.

Видео: Жаңаөзен куәгері: «Аққан қаннан еден көрінбей қалды»

Дереккөз: Азаттық

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз