Жаңа жылдан бастап Астана оқушыларына мектепте тойымды ас беріледі

0
Мектеп асханасы
Фото: 24.kz

Астанадағы мектеп асханаларында жаңа жылдан бастап ас мəзірі өзгереді. Бұл туралы Астана білім басқармасының басшысы Əнуар Жанғозин мәлім етті.

Əнуар Жанғозиннің айтуынша, келесі жылдың қаңтар айынан бастап жаңартылған ас мәзірі қаладағы 41 орта мектепке енгізіледі. Содан кейін бұл өзгеріс басқа мектептерді де қамтиды. Алдағы жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің №717 бұйрығындағы жаңа өзгерістерге сəйкес тамақтану ережелері жарияланады.

Біріншіден, балалар жаңа ас мəзір бойынша толыққанды тамақтанады. Екіншіден, аталған мəзірге түрлі тамақ түрі, яғни денсаулыққа пайдалы жеміс пен көкөніс енгізілмек. Мысалы, таңертең балаларға жаңа ас мәзірі бойынша сүт қосылған күріш ботқасы, бутерброд (май мен ірімшік), жеміс-жидек, алма немесе күріш, қант қосылған шай беріледі. Ал сағат 10.00-нан кейін оқитын оқушыларға сиырдың етінен жасалған котлет, макарон, алма және қант қосылған шай беріледі, – деді басқарма басшысы Астана әкімдігінде өткен брифингте.

Əнуар Жанғозиннің айтуынша, жаңа ас мәзірінің бағасы әр балаға 355 теңге болады. Жалпы келесі жылы оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 4 миллиард теңге шамасында қаражат қарастырылған. Ал жаңа ас мәзірін Қазақ тағамтану академиясы мақұлдап отыр.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz