Жамбыл облысының мүгедектері Сапарбаевқа шағым айтты

0

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мәселені шешіп, call-орталықтар құруға уәде бергенімен, мүгедектер олардың жұмыс істемейтінін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Жамбыл облысында мүмкіндігі шектеулі тұрғындар коммуналдық төлемдер үшін мемлекеттен 15 мың теңге көлемінде төлем ала алмай отыр. Бұл туралы облыс басшылығымен болған селекторлық жиын барысында «Жамбыл облысының азаматтық альянс ассоциациясы» ЗТБ төрағасы Зайтжан ​​Юлдашев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бірлестік төрағасының айтуынша, ерекше қажеттіліктері бар адамдар 15 мың теңгелік көмекті ала алмағандықтан ұйымға жүгінген. Олар байланыс орталықтары жұмыс істемейтінін айтып шағымданды.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл мәселенің оң шешілетініне сендірді.

«Бұл төлемдерді тағайындалған адамдар міндетті түрде алады. Байланыс орталықтарындағы мәселе де шешіледі», – деп жауап берді ол.

Кездесу барысында аймақ белсенділері мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың басқа да мәселелерін көтерді. Олар көп жағдайда білім саласында қиындықтарға тап болады. Қазір облыстағы балабақша деңгейінде инклюзивті білім беру жүйесі жоқ. Олар жазғы демалыспен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар, Жамбыл облысындағы қоғамдық көпшілік орындар да мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделмеген.

Оқи отырыңыз: Коммуналдық қызмет үшін төленетін 30 мың теңгені қалай алу керек

Өз кезегінде облыс әкімі аймақта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үш оңалту орталығын салу жоспарланғанын атап өтті.

15 мың теңгені кімдер алады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына байланысты халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін коммуналдық төлемдерге жұмсалған соманы өтеу туралы шешім қабылданды. Әлеуметтік жәрдемақы алушылардың қатарына 1, 2 және 3 топтағы мүгедектер, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар жатады.

Өтемақы екі айға тағайындалды. Коммуналдық қызмет ақысын төлеуге бағытталған 15 мың теңгені алу үшін әкімдіктің call-орталығына немесе ақпараттық жүйе арқылы ЖСН мен шот нөмірін хабарлау қажет.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз