Жамбыл облысында тұрғын «әкімге жала жапты» деген айыппен жазаланды

0

Жамбыл облысы Жамбыл аудандық соты 26 ақпанда Бесағаш ауылдық округінің тұрғыны Абай Жүндібаевты Қылмыстық кодекстің 130-бабы 2-тармағы (БАҚ не әлеуметтік желіні пайдалана отырып жала жабу) бойынша айыпты деп тауып, бір жылға шартты түрде бас бостандығын шектеді. Жүндібаевты ауыл әкімі Бейбіт Нығматуллаев «жала жапты», «қорлады» деп сотқа берген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 26 ақпандағы сотта ауыл тұрғыны Қылмыстық кодекстің 131-бабы (Қорлау) бойынша ақталды. Соттың пайымдауынша, «Қорлау» бабы бойынша қылмыс құрамы анықталмаған.

Айыпталушы сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Ал Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нығматуллаев «сот төрелігін дұрыс деп есептеймін. Кішкентай балалары бар, оны түрмеге қамап, айыппұл салғаннан гөрі осы үкім әділ болды. Ол өзінің жалған сөзі үшін жауап беруі керек еді» деді.

Ауыл әкімі Нығматуллаев «тұрғын Жүндібаев мені ауылдағы ғимаратты сатып, қарағаштарды заңсыз кесіп тастады деп жала жауып, желіде видео таратты, жеке басымды қорлады» деп айыптаған. Әкім «тұрғынның Facebook желісіндегі жазбасынан кейін жауапты органдар тексеріп кеткенін, ешқандай ілік таппағанын» айтады.

Ауыл тұрғыны Жүндібаев видео жариялағанын жоққа шығармайды. Ол «белсенділігім, қоғамдағы мәселелерді ашық айтып жүргенім әкімге ұнамағандықтан ол сотқа шағымданды» деп санайды.

Қазақстанда құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдар мен заңгерлер «билік өкілдері Қылмыстық кодекстегі «Жала жабу» және «Қорлау» бабын өзіне жақпаған белсенділерді және журналистердің аузын жабуға қолданады» деп алаңдаушылық білдірген.

Осыған дейін адвокаттар мен құқық қорғаушылар биліктен «Жала жабу» және «Қорлау» бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұраған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі бапты Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылатынын айтқан. Бірақ әзірге ешқандай өзгеріс болған жоқ.

Azattyq