Жамбыл облысы карантинге жабылады

0

Облыс бойынша және Тараз қаласында блок бекеттер қойылады, автокөлік пен азаматтардың кіріп-шығуына тыйым салынады

АЛМАТЫ, 8 cәуір –Sputnik. Жамбыл облысында 9 сәуірден бастап карантин режимі енгізіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан мемлекеттік комиссияның жедел штабына сілтеме жасап.

Облыс аумағында 27 блок бекет орнатылды, оның ішінде жетеуі Тараз қаласында қойылған.

«9 сәуір сағат 00.00-ден бастап Жамбыл облысының аумағына және облыстың барлық елді мекеніне кез келген автокөлік пен азаматтың кіріп-шығуына тыйым салынады», — делінген ақпаратта.

Қала бойынша медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, авариялық-құтқару және коммуналдық қызметкерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қалаға кіріп-шығуға рұқсат берілген. Көктемгі егіс пен басқа да ауылшаруашылығы жұмыстарын атқаратын тұлғалар, фармацевтикалық компаниялар қызметкерлерінің қозғалысына шектеу қойылмайды.

Қоғамдық көлік сағат 07:00-ден 10:00-гедейін, 12:00-ден 15:00-ге дейін, 17:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Автобустарға тек жеке қорғаныс құралдарымен мінуге рұқсат етіледі.

Облыста азық-түлік супермаркеттері, дүкендері және дәріханалар жұмыс істей береді. Сауда ойын-сауық орталықтары, базарлар, автосалондар, авто бөлшектерін сату мекемелері, гүл дүкендерінің қызметі тоқтатылады. Сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін тамақ пен өзге де тапсырыстарды жеткізуге рұқсат берілген.

Оқи отырыңыз: Блок бекет арқылы кіріп-шығуға рұқсат етілген азаматтардың тізімі кеңейтілді

Сонымен қатар жанармай құю станциялары, банк, ақша айырбастау пункттері штаттық режимде жұмыс істейді.

Айта кетейік, облыста коронавирус  45 адамнан анықталды. Республика бойынша ауру жұқтырғандар саны 704-ке жетті. 53 адам аурудан жазылды, алты науқас қайтыс болды.



sputniknews.kz