Заңгер Фабрый пикетке шығып, Назарбаевтың отставкасын талап етті

0

Нұр-Сұлтанда 26 ақпанда қала тұрғыны Антон Фабрый бір адамдық пикет өткізіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың, депутаттардың орнына кетуін, 1995 жылы қабылданған ел Конституциясын жоюды талап етті.

— Мен бүгіннен бастап жеке пикетімді тұрақты түрде өткізетінімді мәлімдеймін. Пикеткен шыққан адамдарға тиіспеуді талап етемін. Мәселенің бәрі Назарбаевта және ол басқарып отырған Қауіпсіздік кеңесінде. Ал 1995 жылғы Конституция іс жүзінде Назарбаевтың елді жеке басқаруына мүмкіндік берді. Сондықтан мен сол Конституцияға қарсымын, мен Назарбаев басқарып отырған Қауіпсіздік кеңесіне қарсымын, — деді ол.

Фабрый бір адамдық пикетке шыққандар заңмен жазаланбауы тиіс деп санайды.

Пикет кезінде Фабрый өзінің жеке фирмасы құзырлы органдардан жапа шеккенін айтты. Сөзінше, құзырлы органдар үстінен қанша мәрте арызданғанымен шағымдары қаралмаған. Осыдан кейін «салықтан айлық алып отырған органдар ісімді қарамады» деп салық төлеуден бас тартқан. Фабрый «органдар арызымды қараудың орнына фирманың есепшотын жауып тастады» деді. Фабрый фирмасының есепшоты жабылғанын растайтын құжаттарды да ұстап тұрды.

Антон Фабрый — 2010 жылдан бері биліктің заңға қайшы әрекеттерін әшкерелеуге тырысып келе жатқан белсенді. Ол былтыр тамызда және желтоқсанда «Конституцияның мемлекет пен қоғамдағы рөлі» жайлы митинг өткізу үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне бірнеше рет арыз бергенімен, билік митингіге рұқсат бермеген. Ол биліктің шешімін де бірнеше рет сотқа шағымданған. Бірақ шағымы қанағаттандырылмаған.

Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, “Нұр Отан” партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр. Назарбаевтың орнына президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформа жасайтынын, бейбіт митинг, саяси партия туралы заңды өзгертетінін айтқан. Бірақ сыншылар Тоқаевтың уәдесі орындалмағанын, ол әлі Назарбаевтың ықпалынан шыға алмай отырғанын айтады. Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева қазір сенат спикері болып отыр.

Қазақстанда жұрт митингіге шығу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер түрлі себеппен митингіге рұқсат ете бермейді. Елде рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылып, қатысушылары ұсталады.

Azattyq