«Ұшаққа мұз қатты ма, құс соғылды ма? Барлық сұраққа жауап табылуы керек»

0

«АУА РАЙЫ БАСТЫ ФАКТОР БОЛУЫ МҮМКІН»

АҚШ-тағы CNN телеарнасының вебсайты желтоқсанның 27-сі күні Алматы маңында болған әуе апаты жайлы егжей-тегжейлі жазды. Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтанға бет алған Fokker-100 ұшағы таңғы 7-лерде әуежай қоршауын бұзып барып, екі қабатты ғимаратқа құлаған. Ұшақта 93 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, солардың 12-сі қаза болған, жараланып ауруханаға түскендердің арасында халі ауыр адамдар да бар.

Алматы әуежайы маңында құлаған ұшақ. 27 желтоқсан 2019 жыл.

Алматы әуежайы маңында құлаған ұшақ. 27 желтоқсан 2019 жыл.

Қазақстан авиация комитетінің хабарлауынша, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Апаттың себептері анықталғанға дейін Fokker-100 ұшақтарын ұшыруға уақытша тыйым салынды. Оның үстіне Bek Air әуе компаниясының да жұмысы уақытша тоқтатылды.

CNN-нің жазуынша, Fokker-100 қысқа қашықтыққа ұшатын, турбореактивті, көлемі орташа ұшақ.

Телеарнаға берген сұхбатында airlineratings.com деп аталатын авиацияға маманданған вебсайттың бас редакторы Джеффри Томас ұшақ сапасында мін жоқ деген пікір айтқан: «(Ұшақтың) шыққанына 23 жыл болған, сонда да ол сенімді әуе кемесі саналды әрі оның қызмет ету нәтижесі де өте жақсы болған. Fokker құрылымдық тұтастыққа ерекше мән беретін өте сапалы ұшақтар шығарады, сондықтан да ұшақ бұдан да көп бөлікке бөлінбей қалған».

Ғимаратқа соғылған ұшақтың бір бөлігі. 27 желтоқсан 2019 жыл.

Ғимаратқа соғылған ұшақтың бір бөлігі. 27 желтоқсан 2019 жыл.

“Өрттің шықпағаны – өте маңызды, фюзеляждың төзімділігімен қоса ол да адамдардың аман қалуына әсер ететін басты факторлардың бірі саналады. Содан да болар ұшақтың жанармай бактары мен қанаттары бүлінбей қалған. Бұл – әуе кемесінің құрылымына жасалған сынақ деуге болады” деді Томас.

Мамандар апат болған сәтте күннің суық болуы да рөл ойнаған болуы мүмкін дейді. CNN-нің мәліметіне сенсек, жұма күні таңертең Алматы әуежайы маңында ауа температурасы Цельсий өлшемімен -7 градусты көрсеткен.

АҚШ Федералдық авиация басқармасының қауіпсіздік бойынша бұрынғы инспекторы Дэвид Соуси аязды ауа райы ұшақтың апатқа ұшырауына себеп болуы ықтимал дейді.

“Ұшақ та танк сияқты. Ол ұшақ көптен бері қолданылып жүр екен, дегенмен дұрыс күтіп ұстаса бұдан да көп уақыт ұша алар еді. Әуе кемесінің күтімі және басқа жайттар жөнінде қазір бірдеңе айту қиын, тергеудің алдын орап кеткім келмейді. Бірақ қазіргі жағдайда ауа райы басты фактор болды ма деген күдігім бар” деді ол.

Қазақстан премьер-министрі ішкі істер министріне апаттың себеп-салдарын анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуге тапсырма берді. Асқар Маминнің айтуынша, тергеудің қорытындылары қаңтардың 10-ына дейін жариялануы керек. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, апатқа жауапты адамдардың “заңға сәйкес қатаң жаза алатынын” айтты. Сенбі күні Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Тәуелсіз әрі коммерциялық емес ұйым Flight Safety Foundation жүргізетін Aviation Safety Network (ASN) вебсайтындағы дерекке сәйкес, Bek Air 2009 жылы Еуропа одағының тыйым салынған әуе компаниялар тізіміне енгізіліп, 2016 жылғы желтоқсанда тізімнен шығарылған.

«FOKKER-100 ҰШАҒЫ ӘЛІ ДЕ ҰЗАҚ ҰША АЛАТЫН ЕДІ»

Британдық BBC агенттігі Алматы маңындағы әуе апаты туралы сюжетте мұндай ауыр апаттан көп адамның тірі қалғанына мән берген. Әуе қауіпсіздігін тергеуші Дэвид Гливтің айтуынша, тергеушілер ең алдымен ұшу кезінде ұшақта мұздың болған-болмағанына мән беруі керек дейді, себебі қауіпсіздік ережелері бойынша ұшақтың еш жеріне мұз қатпауы керек.

“Оның үстіне ұшақ мотордың істен шығуы, ұшу бойынша қате мәліметтерді пайдалану сияқты факторлардың кесірінен құлаған болуы да ықтимал” деді Дэвид Глив. Біраз жолаушының аман қалу себебі – ұшақтың тек алдыңғы бөлігі қираған, ал артқы жағы еш бүлінбеген деуге болады, сондықтан жеңіл жарақат алған адамдар құтқару есіктерінен сыртқа шығып кеткен.

Алматы әуежайы маңына құлаған ұшақтың бір бөлігі. 27 желтоқсан 2019 жыл.

Алматы әуежайы маңына құлаған ұшақтың бір бөлігі. 27 желтоқсан 2019 жыл.

Дэвид Гливтің айтуынша, Мәскеуде орналасқан, ТМД елдеріндегі әуе апаттарымен айналысатын мемлекетаралық авиация комитеті 27 желтоқсанда Алматы маңында болған апатты тергеуге кіріспек.

“Олар ұшақты шығарған голландиялық компанияға хаттамаларын жібереді, бәлкім моторын жасаған Rolls-Royce компаниясына да хат жіберілетін болар. Тергеушілер қазір оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, олар қара жәшіктерді де тауып үлгерді. Енді оның жазбалары Мәскеуде не Лондонда немесе Гаагада тексеріледі” деді сарапшы.

Тілшінің “Орталық Азиядағы ұшу қауіпсіздігі стандарттары төмен бе?” деген сұрағына жауап берген Глив “Шынымен, аймақтың кей елдерінде апат саны орташа көрсеткіштен жоғарылау. Бірақ, бұл – Батыста жасалған сапалы да берік ұшақ. Күтімі нашар болды ма, ұшуда қателік кетті ме, ұшаққа мұз қатты ма, әлде құс соғылды ма, тергеу барысында осы сұрақтардың барлығына жауап берілуі керек” деді Дэвид Глив.

Оның айтуынша, ұшақ ескі саналғанымен, ол сапалы жасалғандықтан, онда еш мәселе болмауы керек. “Күтімі дұрыс болса, барлық жөндеу жұмыстары уақытында жүргізіліп отырса, ол әлі де ұзақ қызмет ете берер еді” дейді сарапшы. Оның айтуынша, қара жәшіктерді ашып, оқыған соң, апаттың себебіне қатысты алғашқы қорытынды бір-бір жарым айда шығып қалады.

Видео: Алматы әуежайы маңындағы ұшақ апаты (27 желтоқсан 2019 жыл).

«МАНИКЮРЛІ МИЛЛИАРДЕР»

Bloomberg ақпарат агенттінің вебсайты осыдан отыз жыл бұрын ғана социализм мен коммунизмнің құрсауында болған бұрынғы совет блогынан “өсіп шыққан” миллиардерлердің тізімін жариялаған.

“Осыдан бір буын бұрын ғана олар мүлде болмаған. Олардың өсуі және кейде өшуі аймақтағы трансформациядан хабар береді” дейді авторлар тобы.

“Олардың керемет яхталары, сүйікті лигаңызда футбол командалары бар. Олар киножұлдыздармен әмпей-жәмпей болып, саясатпен де айналысып жүр. Олар аса үлкен байлықты, тіпті кейбіреуі өз елдерінің болашағын қолында ұстап отыр” делінген мақалада.

“Шығыс Еуропада миллиардерлердің пайда болуы” деп аталған мақалада автор тізімге енген адамдарды түрлі категорияларға бөліп топтастырған.

“Коммунизмнің көбесі сөгілген соң, “Шығыс блок” деп аталған аймақ ашық нарықтың жаңа әлеміне айналуға өршелене ұмтылды. Сөйтіп, Алматыдан – Прагаға, Мәскеуден – Загребке дейінгі аралықта магнаттар мен олигархтардың жаңа буыны өсіп-жетілді. Олардың көбі аста-төк өмір салты мен саяси ықпалының арқасында әйгілі болды. Арада отыз жыл өтсе де, аймақтағы ең бай адамдар тізімінің “советтік бояуы” кеппей тұр” деп жазады Bloomberg.

Коммунизм кезінде қолында билік болғандардың көбі жаңа жүйе орнағанда да сол билікті сақтап қалды. Нарыққа бағытталған қоғамда бұрынғы “аппаратчиктердің” кейбірі жаңа режимге бейімделе алмай, тасаға кетті, есесіне бизнесмендердің жаңа, жас буыны келді.

Агенттіктің жазуынша, аймақтағы ең бай адамдардың жартысы коммунизм құлап жатқан кезде билікке жақын болғандардан шыққан. Олар биліктен не жекешелендіруден, кейде осы екеуінен де пайда көрген. “Өз бетімен байығандар миллиардерлер аз болса да олар кедейлеу әрі олар ресурсы аздау, саяси тұрғыдан әлсіздеу елдерден шыққан” деп жазады авторлар.

1980 жылдардың соңындағы аласапыранның игілігін көргендер “Алғашқы қарлығаштар” деп аталған. Бұл топта Чехиядан шыққан миллиардер, осы күні телекоммуникация, қаржы, жылжымайтын мүлік сияқты түрлі салаларда бизнесі бар Петр Келлнер аталады. Оның байлығы – 12,8 миллиард доллар.

28 миллиард доллар байлығы бар саналатын ресейлік Владимир Потанин “байлықты қарпып қалу” категориясын иеленген. Ельцин тұсында өте ықпалды болған ол экономикалық реформаларды жүргізуге ықпал етіп, елдегі алғашқы қаржы империяларының бірін құрып үлгерген. Шикізат өндірісіне қол салып, ең пайдалы деген кен орындары мен компанияларға иелік еткен Потанин Ельциннің екінші мәрте президент болып сайлануына көп ықпал еткен. Ол Путиннің де дәргейіне бас иіп, қазір Ресей президентімен жақсы араласып тұрады.

Тізімге Қазақстаннан “Отбасылық байланыстар” категориясымен Тимур мен Динара Құлыбаевтар енген. Агенттіктің шамалауынша, олардың байлығы 5 миллиард долларға жетеді. “Орталық Азияда Динара сияқты оңтайлы орында тұрған адам жоқ: ол – 1990 жылдан биылғы наурызға дейін президент болған, елдің «мәңгі» басшысы, ел астанасына есімі берілген адам – Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы” деп жазады Bloomberg.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы әрі мұнай магнаты Тимур Құлыбаев.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы әрі мұнай магнаты Тимур Құлыбаев.

“Бұл отбасының бизнесте де тасы өрге домалап жатыр. Динара Қазақстандағы ең бай әйел саналады, күйеуі Тимур екеуі олар Қазақстандағы ең ірі банк, ауыл шаруашылығы және мұнай саудасындағы компанияларға, елдегі және Дубайдағы жылжымайтын мүлік мекемелеріне иелік етеді.

“АҚШ дипломаттары бір кездері “маникюр жасатқан миллиардер” деп суреттеген Тимурдың тапқыр мәмілегер ретінде аты шыққан. Ол ірі энергетика лобииінің басшысы ретінде, Қазақстандағы ірі бизнес палатасының төрағасы ретінде экономиканың аса қомақты бөлігіне ықпал етеді”, – деп жазады Bloomberg.

Тізімге 1998 жылғы девальвация кезінде байлық жинаған Андрей Мельниченко (байлығы – 15, 2 миллиард доллар), Путин келген соң көтерілген Аркадий Ротенберг (2,1 миллиард доллар байлығы бар), Ресейге салынған санкция арқасында қор жинады деп саналатын Олег Дерипаска (3,4 миллиард доллар байлығы бар) енген.

Azattyq