Ұшақ ракетамен атып түсірілуі мүмкін

0

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің болжауынша, Тегеранда құлаған Украина әуе компаниясының Boeing ұшағы ракетамен атып түсірілуі мүмкін. Кеңес хатшысы Алексей Данилов ұшаққа Ресейде жасалған «Тор» зениттік-ракеткалық комплексінен жіберілген зымыран тиюі мүмкін деген болжам айтты.

Даниловтің сөзінше, украиналық сарапшылар ұшақтың апатқа ұшырауының төрт себебін қарастырады. Олар: зымыранмен атып түсіру, ұшқышсыз ұшақпен соқтығысу, ұшақ моторының жануы не борт ішіндегі теракт.

Данилов Тегеранға жеткен украиналық мамандар қазір Иран билігімен ұшақ апатқа ұшыраған жерге бару жағын ақылдасып жатыр. Олар әуежай маңынан «Тор» зениттік-ракеткалық комплексінің сынықтарын іздемек.

Батыстағы арнайы қызметтер 9 қаңтарда Reuters ақпарат агенттігіне ұшақ техникалық ақау салдарынан апатқа ұшырағанын айтқан. Канадалық арнайы қызметтегі дереккөз ұшақтың моторы жанып кетуі мүмкін деген.

9 қаңтарда Иран билігі ұшақ моторы жанып, пилоттар ұшаққа ие бола алмай қалуы мүмкін деген болжам жасады. Тегеранның мәлімдеуінше, «ұшақ радардан жоғалып кеткенде 2500 метр биіктікте болған. Пилоттар ешқандай төтенше жағдай жайлы хабарламаған, бірақ қайта әуежайға оралуға тырысқан».

Интернетте тараған видеоларда ұшақтық әуеде өртене бастағаны көрінеді.

Украинаның Ирандағы елшілігі 8 қаңтарда ұшақ мотордағы ақаудан апатқа ұшырады деп хабарлаған. Бірақ елшілік біраз уақыттан соң бұл хабарланы алып тастады «ұшақтың апатқа ұшырауына барлық себепті қарастырамыз» деп мәлімдеді.

8 қаңтарда Тегераннан Киевке ұшып шыққан украиналық жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 176 адамның бәрі қаза тапқан. Украина cыртқы істер министрі Вадим Пристайконың сөзінше, ұшақта 82 ирандық, 63 канадалық, 10 швед, 4 ауған, 3 британдық және Германияның 3 азаматы болған. Украина қауіпсіздік қызметі апат салдарынан қаза тапқан 11 украиндықтың арасында экипаждың тоғыз мүшесі бар деп хабарлады.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз