Үш мекемеде тексерістен өтеді: Еңбек министрі 42500 теңгелік жәрдемақыға қатысты қазақстандықтардан кешірім сұрады — Қазақстан жаңалықтары

0

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңгелік жәрдемақының ұзақ қаралатынына байланысты қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

42 500 теңгеден алатын қазақстандық көпбалалы отбасылар АӘК-ден қағыла ма?

«Барлығы да»Неге өтініштер өте ұзақ қаралады?» деп айтып жатыр. Министр ретінде сіздерден кешірім сұрағым келеді. Бірақ мұның кешірімді себебі бар. Осы уақытқа дейін бізге 4 миллион 900 мың өтініш келіп түсті, біз оларды қарастырып үлгермей жатырмыз.  Олардың арасында қайталанғаны да бар. Біреулер, тіпті, қайтыс болған адамның атынан не болмаса шетелге көшіп кеткендердің атынан бергендер де бар. 378 осындай өтініш түскен. Қазір біз алдымызға өтініштерді қарауға үш күн жұмсаймыз деп жоспарлап отырмыз, өйткені бұл үдеріске үш мекеме қатысып жатыр. Біріншісі — ол әлеуметтік сақтандыру қоры, екіншісі — «Азаматтарға арналған үкімет» және үшіншісі еңбек министрлігі сіздердің өтінімдеріңізді тексеруде», — деді министр. 

Бұған қоса шенеунік азаматтардың өтінініш беруде жіберіп жатқан қателіктері барын алға тартты. 

«5 миллионға жуық азаматтың ішінде 1 миллион 200 адам бірнеше мәрте қайта берген. 3 миллион 700 өтінімнің ішінде басқа да кемшіліктер өріп жүр. Мысалы ЖСН нөмірін қате жазған. Егер ЖСН қате болса, ол адам жоқ деген сөз. 63 мың адам ЖСН нөмірін қате жазған. Тағы біреулер электронды есепшот нөмірін дұрыс емес берген. Біреудің шот нөмірі, істен шыққан электронды шоттар тағысы тағы бар. 83 адам осындай қателіктерге бой алдырған», — деп қосты шенеунік. 

Сондай-ақ еңбек министрі егер азаматтардың өзінің жеке электронды шоты жоқ болса, неліктен біреудікін жазуға болмайтының айтып кетті. 

«Біз бөтен есепшотқа ақша аудара алмаймыз. Тіпті, шоттың иесі сіздің жақын туысыңыз немесе досыңыз болса да, біз бұл жағдайды қарастыра алмаймыз. Себебі бұл алаяқтардың іске кірісуіне алып келуі мүмкін. Олар сіздің жеке ақпаратыңызды, ЖСН нөміріңізді біліп алып, ақшаны өзінің атына аударуы мүмкін. Сол үшін міндетті түрде өз есепшотыңыз болуы керек», — деді министр. 

Еске салайық, ҚР президенті Қасым-Тоқаев 23 наурыз күні табысынан айырылған қазақстандықтарға жәрдемақы табыстау туралы тапсырма берген еді. Алайда осымен үш аптаға жуық уақыт өтсе де азаматтар тиісті төлемақыны ала алмай келеді. 

 

 

 

stan.kz