Ұлы даламыз – тарихи данамыз

0

Осы мақаланы оқып шыққан соң оңды-солды ораған ой орманында ұзақ отырдым. Абыз Абайымыз айтқандай: «Ойланып ойға кеттім жүз жылға өткен». Пәлі, жүз жыл дегеннің өзі тым беріде, дарияның жарға соққан толқыны ат үзеңгісіне жетер-жетпес жерде екен. Кезінде ұлт тарихын қарымы жетіп, танымы өтіп, тағдырлы жырларымен тәпсірлеген талантты ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің: «Уа, далам, кеңдігіңе тамсандым көп, айта алман бәрін жазып тауыса алдым деп, сен алып пластинка дөңгеленген, инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп» деген жыр жолы ойыма келіп, жан жолында жарыса жүгіріп, көңіл толқынына қайығын салды. 

Қадым заманды қағаберісте қалды­рып, соңғы ғасырға сөз салсақ, таутан тағдырдың шеңгелінде бүрілген, уақыт пен кеңістікте бүгілген жұртымыздың жұмбақ жадын қайта оятып, заман үзеңгісіне аяқ салар кез келді. Кешегі кезде іште тулап тұрса да, іркіп қалатын, көңілде дулап тұрса да үркіп қалатын көне тарихымыз – Абыз Даламыз ақиқаттың қақпасын ашып, шаңырақ өзіңдікі, шалқайып отыр, төр өзіңдікі, марқайып отыр дегендей болып тіл қатқаны – томағасы түрілген мақалада қанатын жазып, шеңгелін ашып, шындықтың шымылдығын түріпті. Сөз жоқ, қазақ тарихының ұлы кітабының бас мақаласы деуге әбден лайықты. Оқы да ойға тоқы деп ортаға сөз ұсынып тұр. Тоқудың да толқыны, ойдың да орамы бар.

Біз кімбіз, қалай жаралдық, қай­дан келеміз, қайда барамыз, тегіміз кім, төр­кі­­німіз қайсы, жоғалтқанымыз қанша, тап­­қаны­мыз қандай, танығанымыз кім­дікі? Бұл сұрақтар – мәңгілік сұрақтар. Мәң­гі­лік ел болу жолындағы мәңгілік сұ­рақ­тар­ды шешу үшін маңызды қадам­дар, ма­ғыналы тірліктер, мазмұнды іс-ша­р­алар, мән­ді бағдарламалар, ең бас­­­ты­сы, өзімізді өзі­міз терең тану­дың тари­хи алғы­шарт­та­рын санада сабақ­­тап, ойда парақтап, өт­кен-кет­кен­ді адақтап, мақтанарлық мә­ліметті мадақ­­тап, жақсыдан үйреніп, жа­ман­нан жи­реніп, баба ғұмырдың ға­сыр­лар бойы бәдіз­делген жұмбақтарын ше­шіп, жұрты­мыз­­дың ұлттық кодын ашып, елдік паспортын мемлекеттік мөрмен бекітіп, «біз шала халықтың емес, дана халық­тың ұрпа­ғымыз» деген сөзді ұлт­тық ұранға ай­нал­дырудың жай-жап­сары жан-жақ­ты тия­нақ­талған мақала болғандық­тан бұған үн қосу – әрбір қазаққа міндет, әр азаматқа парыз деп түсіндік.

Ата дәстүріміз, ата салтымыз, парқы­мыз бен нарқымыз әуелі өзімізді танудан бастау алады. Өзіңді танымай тұрып, өзгені тану мүмкін емес. Өйткені тану – салыстырудың перзенті. Салыстыру – теңелудің көрінісі. Теңелу – танымның іргетасы. Таным – тарихтың тілі. Тіл шешілсе, діл шешіледі, діл шешілсе, дүние дидары жүрегін ашады. Демек, «Ұлы даланың жеті қыры» – перзенттік жүрек­тен шыққан, жалпыұлттық жүрекке бағытталған туынды. Ұлдың ұлтына айтқан тұжырымды қаратпасы.

Есеп дәуірі еселеп бой көрсеткен қазіргі кезеңде Ұлы даланың жетпіс жеті қырын айтуға да болатын секіл­ді болып көрінетіні бар. Неге «жеті қыр»? Астрологиялық пайымда, нумера­логиялық нақышта, халықтық күнтізбеде, ұлттық наным-сенімде, әбжад есебінде жеті саны ерекше тылсым күшке, ғажайып рухани қуатқа, рахмани реңге, нығметтік нышанға ие. Оқырманды тылсым тереңге тартатын бір қуат көзі осы «жеті қырда» жатыр. Жеті жасқа дейін жерден таяқ жейтін ойын баласы секілді жұртымыз қилы кезеңнің қиянатшыл шақтарында тарихтың өзінен таяқ жеді. Туған тарихымызды тумаған пенделер жазды. Тіпті күні кешеге дейін, «Қазан төңкерісіне дейін, қазақтардың 2 пайызы ғана сауатты болды» деген тұрпайы әлеуметтік, тұрақсыз партиялық тіркес өзгелердің бізге өктем қарауына себепкер болды. Бір өкініштісі, осынау оспадар сөйлемді өзіміз айтып қалғанымыз рас еді.

Тәуелсіздіктің ұлы нәтижесінде біз ұлы тарихымызға ұлт көзімен қарай алатын жағдайға жеттік. Бағзы баянымыз, баба тарихымыз төрткүл әлем, сегіз қиыр шартараптың барша ендіктері мен бойлықтарынан тіл қатуға мүмкіндігі бар. Ол тілді шешетін – білім, құштарлық, ұлтшыл пиғыл, отансүйгіштік қасиет. Арғы қазақ мифологиясында алты қат аспан, жеті қат жерді танып-білуде танымгерлік танытқан бабаларымыз­дың қарым-қабілетіне қайран қаласың. Айгөлек аспанның өзін дастарқанына түскен дәмдей таныған балаларымыз астралдық мифологияда үш тағанды ұстанып: жұлдызбойлы мифология, күнбойлы мифология және айбойлы мифология деп жіктеп-жіліктей білсе, арғы тегінің тарихи ақпараттық әлеуеті мықты болғаны. Жастай қыршын кеткен ерен тарихшы-ғалым Қондыбай Серікболдың «Арғықазақ мифологиясы» атты ғажайып еңбегін еске алғанда, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының астары айқындалып шыға бастайды.

Біз қазір Елбасының бұл жазбасын мақала мем­лекеттік масштабтағы әлеу­мет­тік-тарихи, қоғамдық-саяси, этно­гра­фия­лық-этнологиялық трактат деп қабыл­дауға болады. Әрине, байтақ дала­мыздың ұлан-ғайыр ғұмырнамасын жеті қырмен ғана шектеп алу Елбасының терең танымдық құлашын және жалпыдан жалқыға қарай бейімделетін философиялық қарымын көрсетіп, ой сорабын оймақтай түйін­ге айналдыра отырып, алдағы мұрат-мақсатқа ұл­тын ұмтыла ұмсындыру идея­сын көре­міз. Жеті қырды жіліктеп, ғы­лы­ми-прак­тика­лық, ізашар іс-шаралық әлеуетке көтеріп, жалпыұлттық жария жұмысқа айнал­дырудың тетіктері мен бағыт-бағдары баянын тапқан.

Мысалы, атқа міну мәдениетін алайық. Жылқыны қолға үйрету, оның өмірдің барлық саласында пайдалы болуына қол жеткізу, ең бастысы оның елдік рухты оятудағы ерекше қасиетін терең меңгеріп, өзге жұрттың алдында сесі басым, серті айқын етіп жүзеге асыру адамзат дамуының эволюциялық жаңа кезеңін ашты. Жылқы феномені ұлттық феноменнің тең тарихы болып қалыптасты. Жауынгерлік рух, азаматтық айбын халықтық қолтаңба болып танылды. Осының бәрі біздің Ұлы даламыздан тарады. Бұл ұлы тарихты ұран етіп көтере алатын жаңа, тегеурінді ғылыми аршын қажет. Тарихшылардың, тарихқа қатысы бар зиялы қауымның да, тіпті жас ұрпақты тәрбиелеп жатқан ұстаздар қауымының да елең етер, ерекше назар аударар бір тұсы осы болар. «Ерлік иісі шығады ер-тоқымнан» деген жырдың астары енді ашылар. Жылқының пірі Қамбар атаның, түркі әлемінде Дүлдүлата атанған пірдің де ғұмыр кешкен, дүниеден өткен, жамбасы жерге тиген қонысы – байтақ қазақ даласы. Әйгілі Қамбар батырдан тартып санасақ, қазақ даласындағы Қамбарлардың қатары қомданып шыға келеді. Таралғысы да тарих тілінде сөйлейтін халықпыз.

«Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» деп жарияланымда жазылған жолдар жылқы жануарының «қазақ – жылқы мінездес» деген тәмсіліне тамызық болған.

 Мінезі мінәйі қазақтың өзінің атқа мінгенде арқасы қозып, қамшы ұстағанда ғарыш кемесіне отырғандай қомданып, жонданып кетуінде тарихи түйсік жатыр. Осы рух, осы мінез қазір қайда? Жоғалта жаздаған жоқпыз ба? Жоқты іздесең, табылар, сілтеуші сөз санаға жетсін деңіз. Желден жүйрік жануардың бөкен желісіне ой көзін салғанда, оның үстінде дәуірлер дидарын өзгерткен ұлы бабаларымыздың әз есімдері еске түсіп, мақалада қадірлі есімдері аталып өткен ұлы тұлғаларымыздың рухтарына тағзым етеміз. «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген бөлім бізді тіпті тәнті ете түседі. Біз кімнен кембіз? Бүгежектеп өмір сүрген кезеңдеріміз болғанмен, іштегі рух, ұлттық намыс, халықтық қайрат-жігер өлген жоқ. Үш ғасырлық соғысты, «Ақтабан шұбырындыны», аштық пен зұлматты, нәубет пен еріксіз соғысты еске алсақ, солардың бәрінде ұлттық болмысымыз көрініп отырған. Демек жан жүйесіндегі рухты сөндірмеген халықпыз.

Оқып қараңызшы, «Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кене­сары мен Абай және басқа да көп­теген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетіс­тіктерінің құрметіне ашық аспан ас­тын­да ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.

Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тап­сырыс ұйымдастыру арқылы қазір­гі әдебиеттегі, музыка мен театр сала­сындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.

Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн.

Үшіншіден, еліміздің тарихи кезең­дерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет». Қолмен қойғандай тұжырым, баптап түзілген бағдар, жүйеленген жоспар. Оқы да ойлан, қолдан келген іске ұмтыл, ұлтыңның ұлы жолын жалғастыруға септігіңді тигіз. Бұл – жауапты істің басында, тетікті ісмер қасында жүргендерге насихаттық нұсқау. 

Осының бәрін қолмен қойғандай, күміс шапқандай, алтын жапқандай текшелеп айтып, тегін танытқан, теріп айтып, төрелігін дарытқан, тәуелсіздіктің туын көтеріп, елінің еңсесін тіктеген аса көрнекті мемлекет қайраткері, түркі әлемінің көреген жетекшісі, кемел көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық трактаты оның Ұлытау төрінде берген тарихи сұхбатынан жол тартып жатыр. Одан әріде «Тарих толқынында» туған ойлары бой көрсетеді. Демек Елбасымыз ұстанған ұран: Ұлы дала – тарихи данамыз, бағзы бабамыз!

Президентіміздің Ұлытау төрінде берген сұхбатынан соң, 2014 жылы, «Ұлт ұраны – Ұлытау» атты тарихи-этнографиялық поэма жазғанмын. Осы мақаланың тұжырымын сонда айтылған мына шумақтармен түйіндейін:

Ұлы дала! Ұлы тау! Ұлық бәрі!

Ұмытылды зарзаман ғұрыптары.

Ұлтымыздың Басшысы – Елбасымыз,

Ұлытауды қадірлеп, ұлықтады.

«Ұлы қазақ» деді ол арғы атамыз,

Ұлытауға ұлт туын орнатамыз.

Ұлы көштің басы бар, аяғы бар,

Ұлағаттап ертеңге жалғатамыз».

Басы бар дүниенің ортасы да бар. Сол ортаны толтыратын жолды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұлттың өзін тануы тұрғысындағы осы мақаласында талдап, таратып, тағы да өзі айтты.

 Ендеше бүгінгі ұрпақ, біз, баршамыз мұны іске асыруға жұмыла кірісейік. Келер ұрпақ бұл жолды сонда одан әрі жалғай береді.