Ұлттық банк мәлімдеме жасады

0

Қазақстанда базалық мөлшерлемені 12% деңгейінде сақтап, ішкі нарықты жаңа макроэкономикалық жағдайларға бейімдеу шаралары атқарылады

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз — Sputnik. Ұлттық банк тепе-тең бағамның қалыптасуына ықпал етуге ниеттеніп отыр. Сонымен қатар қаржы реттеуші базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді жылдық 12% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ұлттық банк баға тұрақтылығын ұстап тұру мақсатында 2020 жылдың 10 -13 наурыз аралығында қабылданған бірқатар шұғыл және алдын алу шаралары жайлы баяндады.

«2020 жылдың 10 наурызында базалық мөлшерлеменің 12%-ға дейін көтерілуі нарықтарда дүрбелеңнің таралуына алдын ала әсер етті және нарық агенттерінің стратегиясына дер кезінде түзетулер енгізді, бұл пайда болған инфляциялық тәуекелдерді шектеуге және теңгедегі активтердің құнын қорғауға мүмкіндік берді», — деп жазылған хабарламада.

Сонымен бірге, пайыздық дәлізді 1,5 п.т. дейін кеңейту банктердің Ұлттық банктен теңгемен қарыз алу құнын 13,5%-ке дейін ұлғайта отырып, нарыққа қатысушылар тарапынан айырбастау бағамына алып-сатарлық қысым көрсету мүмкіндігін шектеуге бағытталды. Ақша нарығындағы мөлшерлемелер пайыздық мөлшерлемелердің жаңартылған дәлізінің жоғарғы шегіне жақындап, 13,48%-ке жетті.  

«Валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк жекелеген кезеңдерде жалғыз сатушы бола отырып, валюталық интервенция жүргізді. Атап айтқанда, 2020 жылдың 10 наурызында бағамның негізсіз құбылмалылығын болдырмау үшін валюталық сауда-саттықта франкфурттық аукцион әдісі іске қосылды. Ұлттық банк квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейлі банктердің және айырбастау пункттерінің валюталық операцияларын үйлестірді және мониторинг жүргізді. Бұл өзгерген сыртқы жағдайлардың теңгенің айырбастау бағамына теріс әсерін төмендетуге мүмкіндік берді, ол 2020 жылдың  6-13 наурыз аралығында бір АҚШ доллары үшін 405,62 теңгеге дейін 6,1%-ке төмендеді», — деп түіндірді Ұлттық банк.

16 наурызға валюта бағамы: доллар қаншадан сатылып жатыр

Ұлттық банк жаһандық экономиканың даму перспективаларының айтарлықтай нашарлауын, сұраныстың төмендеуін және әлемдік тауар нарықтарында құбылмалылықтың күшеюін жаңа экономикалық шынайылық ретінде қарастырады. Қалыптасқан жағдайды талдау негізінде Ұлттық банк Brent мұнайы бағасының бір баррелі 60 АҚШ долларынан 35 АҚШ долларына дейінгі одан әрі серпіні туралы өз пайымын қайта қарады. Бағалардың жаңа деңгейі болжамдық кезеңнің соңына дейін базалық сценарий ретінде қарастырылады. Дамудың сценарийлік нұсқасының нашарлауы инфляцияның 2020 жылы нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне шығу тәуекелін арттырды.

«Қазіргі сәттен бастап жаңа іргелі жағдайларды ескере отырып, Ұлттық банк еркін бағам белгілеу және инфляциялық таргеттеу саясатына сәйкес тепе-тең бағамның қалыптасуына ықпал етуге ниеттеніп отыр», — делінген хабарламада.

Ұлттық банк ішкі қаржы нарығындағы жағдайды бұдан әрі тұрақтандыруға қажетті құралдарға ие. Қажет болған жағдайда, сыртқы сектор тарапынан теріс салдарларды тежеу үшін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен және үйлестірілген шаралар қабылдануы ықтимал. Ұлттық банк жағдайға мониторинг жүргізуін жалғастыруда және іргелі факторлардың қолданылуын көрсетпейтін және қаржылық тұрақтылыққа қауіп төнген жағдайларда бағам ауытқуларын реттеу құқығын өзіне қалдырады.

Әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайда баға тұрақтылығын, елдің валюта нарығындағы және қаржы нарығындағы жағдайды ұстап тұру үшін қосымша шаралар қабылдануы мүмкін.

Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, сыртқы секторда қалыптасқан белгісіздік және COVID-19 коронавирусының, сауда соғыстарының таралуына, геосаяси шиеленістің өсуіне байланысты іске асырылған тәуекелдер жағдайында әлемдік экономика айтарлықтай және ұзақ уақытқа баяулайды деп болжануда. 2020 жылы әлемдік ІЖӨ-нің өсу қарқыны 2008 жылғы әлемдік дағдарыс уақытынан бастап нашар көрсеткішке алып келуі мүмкін.

Алдыңғы аптаның басынан бастап әлемдік тауар және қаржы нарықтарында айтарлықтай құбылмалылық байқалуда. Мұнай бағасының серпіні ОПЕК+ келісіміне қатысушылар арасындағы уағдаластықтың болмауына және Ресей мен Сауд Арабиясы арасында өріс алған баға соғысына байланысты оқиғалардың ықпалында болды. 2020 жылдың  9 наурызынан бастап Brent сұрыпты мұнайдың бағасы бір баррель үшін 31-36,5 АҚШ доллары деңгейінде бекітілді. 2020 жылғы 16 наурызда таңертең мұнайдың белгіленген бағасы бір баррель үшін 32,88 АҚШ долларын құрады.



sputniknews.kz