«Үйлеріне қайтуға қорқатын» наразы арыстықтар басқа жерден баспана сұрады

0

Арыстағы жарылыстан бас сауғалап Шымкентке көшкен, үш күннен бері «Ақмешіт» мешіті алдында жүрген жүздеген адам жолды жапқан соң наразылар алдына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келді.

Бүгін, 27 маусымда сағат 11.00 шамасында «Ақмешіт» алдындағы Темірлан көшесін Арыс тұрғындары жапқан. Наразылар «өздерін Арыстан басқа жаққа көшіруді, жер беруді» деп талап етіп, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың алдарына келуін талап етті.

Жол жабылған бір сағаттан соң, 12.00-ге таяу Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келді. Әкім арыстықтарға «тынышталыңыздар» деп, наразы жұртты «сөйлесу үшін» мешіт ішіне бастады. Жолды тапқандардың бір тобы әкіммен «Ақмешітке» кірді. Әбдірахымов «Арыстағы үйлерді қалыпқа келтіруге ақша бөлінеді, бәрі жасалады» деді.

Мұнан соң микрофон ұстаған Арыс тұрғынының бірі «қалаға қайтуға қорқып отырғандарын» айтып, «Түркістан не Шымкенттен үй беріңіздер» деді. Наразы азаматтың сөзіне мешіт ішінде отырғандар қол соғып, қолдау білдірді. Бұл ұсынысқа әкім «Шымкентте баспанаға мұқтаж көп балалы аналарға, басқа да азаматтарға не деймін?» деп жауап берді.

Бірер минуттан соң ішінде әкімге талаптарын айтқан тұрғындар шулап, мешіт іші шулап кетті. Артынан мешіт молдасы құран оқып, наразылар отыра бастады.

Қала әкімі Әбдірахымовпен мешітке кірмеген екі жүзге жуық адам бұл сәтте жолды әлі жауып тұрды. Наразылар Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің келгенін талап етеді. Жол жапқандар қатары, Азаттық тілшісінің айтуынша, көбейіп жатыр. Жиналғандар «Әкім! Әкім!» деп айқайлап Шөкеевті шақырды.

Сыртта тұрғандардың кейбірі Арыстың «тұруға жарамай қалғанын, өздерінің қалаға қайтпайтынын» айтты. Басқа бір тұрғын «қару Арысқа тарап кеткен соң үйлеріне қайтуға қорқып отырғандарын» айтты.

Оқиғаны полиция қызметкерлері бақылап тұр.

Тікелей эфир: Наразы арыстықтар Шымкентте жолды жапты

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, қазір Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеп жатыр. Түркістан облысы әкімдігі 24 маусымда аймақта төтенше жағдай жариялады.

Шымкентке жеткізіліп, пунктерді паналап жатқан Арыс тұрғындары «билік ұсынып жатқан көмек мардымсыз» деп шағынған. Олар көбінесе билік емес, еріктілер мен халық көмектесіп жатқанын айтады. Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 26 маусымда өткен баспасөз мәслихатында Арыс тұрғындарының «биліктен мардымды көмек болмай жатыр» деген сөзін жоққа шығарды.​ Әкімнің сөзінше, қаладағы барлық пункте Арыс қаласынан келгендерге қолдан келгенше тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Жаңалық толықтырылып жатыр.

Azattyq