Үйінен көлігін айдап келіп, қаққан: Алматы облысында жастар төбелесінің соңы адам өлімімен аяқталды – Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысының Қарасаз аулында жастар арасындағы төбелестің соңы адам өлімімен аяқталды. Марқұмның туыстарының сөзінше, оның төбелеске мүлдем қатысы болмаған. Үйінен қайтып келе жатып, жанжалдасқан жастардың қасынан табылған Дидар Қасенді төбелестің басқа қатысушысы көлігімен қағып кеткен көрінеді.

Үйінен көлігін айдап келіп, қаққан: Алматы облысында жастар төбелесінің соңы адам өлімімен аяқталды

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Ата-анасынан ерте айырылған марқұмның жақындары, оның қандай да тірлікті игеріп әкетітін пысықтығы мен өзгелерге көмектесіп жүретін елгезектігін айтып еске алды. Олардың сөзінше, 26 тамызда шөпке барып, үйіне қайтып келе жатқан Дидар Қасен төбелескен жастардың қасына барған. Мән-жайды түсініп үлгерместен оны көлік қағыпты.

«Көліктің келе жатқанын көрдім. Адамдар тұрды. Көлікті көріп, біз жолдың арғы бетіне өткенше, оны қағып кетті», – куәгер Нұрбақыт Мұқанов. 

Куәгерлердің айтуынша, сол түні күдікті ретінде ұсталған азамат – төбелестің қатысушыларының бірі. Ол төбелескен жастардың арасынан үйіне кетіп, әкесінің көлігінің дөңгелегін үрлетіп, төбелес болған жаққа қайтып келіп, жастарға қарай қатты жылдамдықпен жүрген. 

«Көлікпен жастардың ортасына кіріп кетті. Содан кейін тарс-тұрс еткен дауыс естілді. Бәрімізге жан керек қой. Жан-жаққа қаштық. Артынша сыртқа шықсақ, бір жігіт жерде жатыр екен», – дейді куәгер Нартай Шыныбаев.

Қатты жылдамдықпен қозғалған көлік адамды қағып кеткеннен кейін де тоқтамапты. Куәгерлердің сөзінше, ол артынша жолдың жиегінде тұрған көлікке соғылып, көлікті 8 метр жерге ұшырып жіберген.

«Біздің ініміз қайтқанда, қағып кеткен жігіт оны жерлемей жатып бостандыққа шығып алған. Бұл заң ба, әлде пара ма?» – дейді марқұмның ағасы Айбек Иманқұлов. 

Марқұмның туыстары полицияның қаншама куәгер көріп, қасақана адам өлімі болған істі абайсызда болған жол-көлік оқиғасы ретінде тіркегеніне ашынып отыр.

«Бұл іс Алматы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Қазіргі уақытта тараптар сұралды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Мән-жайын тексері үшін облыс орталығынан өкілдер жіберілді. Тергеу жалғасып жатыр», – дейді ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз.

Яғни Алматы облыстық полициясы қылмыстық істің не себепті 345-бапқа (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) сәйкес қозғалғанын анықтау үшін Қарасаз аулына арнайы өкілдерін жіберді. Оның нәтижесі екі күннен кейін белгілі болады. 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз