«Түсінбейтін айуанбыз ба?»: Шымкенттің жаңа әкімі көпбалалы аналардың көз жасына қалды — Қазақстан жаңалықтары

0

Шымкенттік көп балалы аналар төрт күннен бері қала әкімімен кездесе алмай әуреге түстік дейді. Айтуларынша, таңның атысы, күннің батысымен қала басшысын табалдырықта отырып күтіп жүр екен. Әкім болғанына бір ай ғана болған Ерлан Айтаханов бізді қабылдауға құлықсыз дейді, олар.

Сурет: 31 арна/скриншот

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Әкімнің қабылдауын төрт күн күткен аналар бұл жолы күзеттен күшпен өтуге тырысты. Олар әкімге екі мәселені жеткізе алмай әуре. Бірі атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай жүрсе, енді бірі басыбайлы баспанаға қол жеткізе алмай әлекпіз дейді. Көп жылдан бері кезек күтіп, шыдамы таусылған әйелдер, тіпті, жылап та жіберді.

«Министрлердің өздері шығып, аналар бар мұқтажын айтып жатыр ғой. Сөйтіп айтса болады ғой. Біз де адамбыз ғой. Бәрін түсінеміз ғой. Түсінбейтін айуанбыз ба?» — деп жылады аналардың бірі. 

Әкімді күтіп, табалдырығын тоздырып жүрген көпбалалы аналардың бірі Гүлзада Дүтбаева да баспанасыз жүргенін айтады.

«Бес балам бар. Әлі күнге дейін өзіме баспана алған жоқпын. Қазір уақытша үйде отырмын. Бұл мәселені не үшін көтеріп жатырмын? Менен кейін балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар баспаналы болса екен деймін», — дейді көпбалалы ана Гүлзада Дүтбаева.

Көпбалалы аналар тұрғын үй мәселесіндегі түрлі түйткілдерді алғашында Әл-Фараби ауданы әкімінің басшысына жеткізгенін айтады. Алайда аудан әкімі түк бітірмеген соң, тамыз айының басында-ақ қала әкімінің қабылдауына жазылып қойғанбыз, деп отыр.

«Қазір барлығы уақытша пәтермен қамтылған. Пәтерді тек өз кезегі келгенде алады», — дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәлік Әбдинұров.

Аналардың өздері аталған басқарма өкілдерінің алдына талай барғанын, алайда еш нәтиже болмағанын айтады. Сондықтан біздің мәселені әкімнен басқа ешкім шешіп бере алмайды, дейді.

Қала басшысы Ербол Айтаханов та, оның орынбасары Ербол Садыр да көпбалалы аналардың талабын тыңдауға шықпады. 

stan.kz