Түркия С-400 кешенін не үшін таңдады

0

Ресей мен Түркия С-400 «Триумф» зениттік зымыран жүйесінің екінші жиынтығын жеткізуге уағдаласты. Бұл туралы 8 маусымда Түркия Республикасының қорғаныс өнеркәсібі хатшылығының басшысы Исмаил Демир мәлімдеді

«Бізде С-400 жиынтығын жеткізу бойынша түбегейлі келісім бар. Технологиялар трансфері, бірлескен өндіріс пен жол картасы бойынша техникалық мәселелерді реттеу жағы ғана қалды. С-400 қолдану үшін сатып алынады», – деді Демир.

Дегенмен, Анкара Patriot пен Eurosam сияқты америкалық және еуропалық зымыран кешендеріне қатысты ұсыныстарды да қарастырудан бас тартқан жоқ. Исмаил Демирдің айтуынша, Eurosam бойынша Франция мен Италиямен арадағы келіссөздер ойдағыдай жүріп жатыр, ал америкалық Patriot-қа қатысты әлі нақты нақты келісім жоқ.      

Ресей мен Түркия С-400 «Триумф» зениттік зымыран жүйесін жеткізу туралы келісімді 2017 жылы рәсімдеген болатын. Келісімшарттың жалпы құны – 2,5 млрд. доллар. Сол кезде АҚШ пен Түркияның қарым-қатынасы шиеленісіп кетті. Вашингтон Ресеймен арадағы келісімнен бас тартып, Patriot кешенін ғана сатып алуды талап етті. Санкция қолданамыз деді. Түркияны F-35 жойғыш ұшақтар бағдарламасынан шығарып тастаймыз деп қорқытты. Бірақ Анкара ол талаптарды орындаудан бас тартты. Ал 2019 жылы жазда оған С-400 зениттік зымыран кешенінің алғашқы жиынтығы – төрт дивизион жеткізілді.

Биыл 30 сәуірде Түркия президентінің ресми өкілі Ибрагим Калын коронавирус пандемиясына байланысты С-400 сатып алуды уақытша тоқтату туралы мәлімдеді. Сол кезде батыстың бақылаушылары Анкараның пандемияны сылтау етіп, Мәскеумен арадағы әскери-техникалық ынтымақтастықтан шығып кетуге тырысып жатқанын айтқан. Алайда жоспар еш өзгермеді. С-400 жүйесінің екінші жиынтығы жеткізіледі. Анкара тағы, кем дегенде, төрт дивизионды алады.

Негізі, Анкараның басты мақсаты – заманауи әрі сенімді әуе қорғанысы жүйесін құру. Ал С-400 «Триумф» осы талаптарға толығымен жауап береді. Зениттік зымыран жүйесі аэродинамикалық және баллистикалық нысандарды жоюға арналған, гипердыбыстық зымырандарды атып түсіре алады.

Нысанды анықтау қашықтығы – 600 шақырым, ал оны жою радиусы 400 шақырымды құрайды. «Триумф»-тың бір батареясы 72 зымыранды басқара алады және онымен 36 нысанды атқылай алады. С-400 жүйесін С-300, Панцирь-С1 мен Тор-М1 зениттік зымыран кешендеріне интеграциялауға болады.

Ал Patriot пен Eurosam-ның артықшылықтары қандай? Мәселен, қазіргі Patriot РАС-3 MSE зениттік зымыран кешенінің нысанды анықтау қашықтығы 180 шақырым болса, оны тек 33 шақырымда ғана жоя алады. Бір уақытта 8 нысанды атқылауға мүмкіндігі бар. Интервалы – 3 секунд.

Eurosam болса, Patriot-қа ұқсайды. Бірақ оған қарағанда жылдам, 10 секундта 8 зымыранды ұшыра алады. Алайда нысандарды анықтау мен жоюдың максималды қашықтығы – небәрі 100 шақырым.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз