Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен табысты растамай-ақ несие алудың шарты

0

Көп адам баспананы ипотекамен алсам, қарызды еселеп қайтарамын деп ойлайды. Алайда Қазақстанда тиімді шарттармен несие алып, баспаналы болуға мүмкіндік беретін жүйе бар. Ол – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі. Қазір бұл жүйені елде тек “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ жүзеге асырып отыр.

Банк клиенттеріне несие бойынша төмен мөлшерлеме ұсынады, ал салымшылары жинақ мерзімін пайдалана отырып, оны өздері басқара алады.

Бүгінгі материалда пәтерді тиімді жолмен алуға мүмкіндік беретін негізгі шарттар туралы айтамыз.

1. Елдегі ең төменгі мөлшерлемемен несие алу шарттары

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің талаптарын толық әрі дұрыс орындаған әр адам жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% аралығындағы жеңілдетілген несие ала алады. Аталған талаптарға келесілер кіреді:

  1. кем дегенде 3 жыл бойы жинаққа ақша салып отыру қажет (бұдан ұзақ уақыт та жинауға болады, бәрі салымшының мүмкіндігіне байланысты);
  2. кемінде 3 жыл ішінде үй құнының 50%-ын жинау керек;
  3. бағалау көрсеткішін кемінде 16-ға қол жеткізу қажет. Бағалау көрсеткіші – салымшының қаржылық тәртібінің белгісі. 16-ға жету үшін 3 жыл бойы шотқа ай сайын тұрақты түрде ұсынылған соманы аударып отыру жеткілікті.

2. Несие берілерде бағаланатын төлем қабілеттілігі қалай анықталады?

Әдетте, банктер ипотекалық несие беру туралы мәселені қарастыру барысында клиенттің несиені қаншалықты өтей алатынын бағалау үшін оның зейнетақы қорына жасаған аударымдарын негізге алады, яғни осы деректің негізінде несиеден үміткер адамның төлем қабілеттілігін анықтайды.

Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі депозитін ай сайын, тұрақты түрде ұсынылған сомаға толықтырып отырған клиентке төлем қабілеттілігін растауда жеңілдік береді, яғни оның ресми табысына қарамайды. Себебі клиент табысы бар екенін, несие өтей алатынын бірнеше жыл ішінде ісімен дәлелдейді. Ол банкке сеніп, шотына ақша жинады. Сәйкесінше, банк те оған сеніп, анықтамадағы жалақы деңгейіне қарамастан, арзан несие бере алады. Бұл, мәселен, өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар үшін өте ыңғайлы.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі еңбекақыны, шәкірақыны, зейнетақыны, тұрғын үй төлемдерін, банк кеңесшісінің сыйақысын, іскерлік табысты, өмірлік жәрдемақыны (немесе ай сайынғы өмірлік жәрдемақы) табыс ретінде қабылдайды.

3. 20% мөлшерлемемен мемлекеттік сыйлықақы алу

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашып, ақша жинап жатқан азаматтарға жыл сайын мемлекеттік бюджеттен арнайы сыйлықақы тағайындалады. Ол бір жыл ішінде шотқа салынған ақшаның 20%-ы көлемінде беріледі. Бірақ сыйлықақының жоғарғы шегі бар – ол 200 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын салым сомасы бойынша есептеледі. Бір жыл ішінде салынған ақша 200 АЕК-тен аз болса да, бәрібір салымшы сол аударылған қаражаттың 20%-на тең сыйлықақыға ие болады (мысалы, 100 мың теңге салсаңыз, 20 мың теңге аласыз). Егер сома 200 АЕК-тен асса, артылған сома келесі жылы мемлекеттік сыйлықақы тағайындау кезінде ескеріледі.

Биылғы ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы — 96 200 теңге. Мұндай соманы жыл ішінде шотына 481 000 теңге (200 АЕК) салған адам ала алады.

2018 жылдың сыйлықақысын алу үшін депозитті 29 желтоқсан 18.00-ге дейін толықтырып үлгеру керек.

4. Төменгі пайызбен несие алу

Банк несие бойынша төмен мөлшерлеме ұсынады, ал салымшылар жинақтау мерзімін пайдалана отырып, оны өздері басқара алады.

Клиент неғұрлым ұзақ жинаса, несие пайызы да соғұрлым төмен болады. Мысалы, депозитке ақшаны төрт жыл жинаған адам 4,8 пайызбен несие ала алады. Ал жеті жыл жинаған адам 4%-бен несие алу мүмкіндігіне ие.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі ең төменгі несие мөлшерлемесі — 3,5%. Мұндай пайызбен заем алу үшін кемінде 10 жыл ақша жинау керек. Бұл – баланың атына депозит ашу үшін өте қолайлы әдіс. Ақша баланың кішкентай кезінен бастап жинала берсе, кәмелеттік жасқа толған кезде жақсы пайызбен несие ресімдеп, баспана сатып алып беруге болады

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz