Төтенше жағдайға байланысты ҰБТ кейінге шегеріле ме?

0

Асхат Аймағамбетов мамыр айында эпидемиологиялық жағдайға қарай нақты шешім қабылданатынын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Білім министрлігі әзірге ұлттық бірыңғай тестілеудің мерзімін ауыстыруды көздеп отырған жоқ. Бірақ нақты шешім мамыр айына қарай, елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қабылданады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«ҰБТ мерзімі, өздеріңіз білесіздер, маусым айының соңында. Сондықтан бүгінгі күні оны әрі қарай ауыстыру туралы мәселе жоқ. Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Мамыр айына қарай эпидемиологиялық жағдайға байланысты нақты шешім қабылдаймыз», — деді Аймағамбетов онлайн брифингте.

Министр қазір оқушыларға ҰБТ бойынша сынама тестерін ақысыз тапсыруға мүмкіндік берілгенін атап өтті. Тестердің жетпіс нұсқасы ұлттық бірыңғай  тестілеу орталығының сайтында жарияланған.

Қашықтан оқыту жалақы мен шәкіртақыға әсер етпейді – министр

Айта кетсек, төтенше жағдайға байланысты қазақстандық оқушылар 16 наурыздан 5 сәуірге дейін демалысқа шықты. Төртінші тоқсан алтыншы сәуірден басталады. Оқушылар қашықтан оқыту режиміне көшеді.

Карантин жағдайында қашықтан оқыту «Ел арна», «Балапан» телеарналары, «Qazaq radiosy», интернет ресурстар мен пошта арқылы жүргізіледі.



sputniknews.kz