Тоқаевтың билік басына келгеніне бір жыл: Елдің екінші президенті бұл мерзімде не атқарды — Қазақстан жаңалықтары

0

Осыдан тура бір жыл бұрын, нақтырақ айтқанда, 9 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жеткен еді. Халықтың 70,96% дауысын жинаған Тоқаевтың бір жыл ішіндегі атқарған жұмысына саясаттанушылар қандай баға береді, қандай өзгерістер болды? Stan.kz тілшісі отандық саясаттанушылар мен сарапшылар пікірін сұрап білді. 

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, бір жылда әжептеуір өзгерістер орын алып, біраз шаруа атқарылған. 

«Бір жылда қоғамымызда өзгерістер болып жатыр. Бірқатар жұмыстар атқарылды. Ең бірінші билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынас өзгерді, халық үніне құлақ асатын концепция жүзеге асырылуда. Саяси реформаның алғашқы қадамы жүргізіліп жатыр. Мүмкін бұл кейбіреулерге аз көрінер. Менің ойымша, Тоқаевтың президенттік мерзімінде әлі де бірқатар өзгерістер болады. Бізде күрт өзгерістер болмайды. Оның үстіне осы жылда төтенше жағдайлар көбейіп кетті. Төтенше жағдайларға тиімді түрде тойтарыс беріп жатқанын да ескеруіміз керек. Қазір экономикалық қиындықтар бар. Мұның бәрі жұмыстың нәтижелі атқарылуына кедергі, бір жағынан сын», — деп тұжырымдаған Берік Әбдіғалиұлы осындай кезеңнен абыроймен өтіп жатқанымызды айтады. 

Әлеуметік желілерде белсенді саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің бұл тақырыпқа қатысты айтар өз уәжі бар. Саяси белсенділердің әлі де болса, қуғынға ұшырап, қамалып жатқаны саяси реформаның жоқтығын көрсетеді дейді. 

«Бір ауыз айтсақ, саяси реформа болып жатыр деген иллюзия болмауы керек. Қазір біз Назарбаев жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Кеңес одағындағыдай бізде де саяси маңызды дүниелерді олигархтар мен салмағы басым азаматтар шешім қабылдайтын болады. Бірінші басшы ауысқанымен, қоғамда саяси өзгеріс болып жатқандай әсер қалуы мүмкін. Бірақ ештеңе өзгермеді. Бір ғана мысал, саяси белсенді Әсия Төлесова қамауда отыр. Үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол эмоция үстінде осыған дейін жүздеген, мыңдаған саяси белсендіні қамаған полиция өкілінің бас киімін ұшырып жібергені үшін айыпты болып қалды. Ал бұл жағдайды биліктің арнайы үгіттеушілері өз пайдаларына жаратып қалып жатыр. Одан кейін былтыр шындықтан қаша алмайсың деген плакатпен шыққан жас жігіт те он бес күн отырып шықты. Бұл нені көрсетеді? Бұл ешқандай да саяси репрессия тоқтаған жоқ, жалғасады, әлі де күшейеді деген сөз. Ашық сайлаудан, бейбіт шерулерден, бейбіт саяси белсенділерден қорқатын биліктің жағдайы қаншалықты мүшкіл екенін көреміз. Олардың жалғыз құралы — күштеу, полицияны пайдалану, адамдарды қамау, ұрып-соғу. Мұның ақыр аяғы Дулат Ағаділ сынды белсенділердің өліміне әкеліп соғады. Тоқаевтың бір жылдық билігі туралы менің ой-пікірім осындай», — дейді Шалқар Нұрсейітұлы. 

Тоқаевтың биліктегі ғұмыры қай уақытқа дейін баруы мүмкін деген сауалға Нұрсейітұлы өз болжамын айтты. Сондай-ақ, үшінші президенттікке лайықты үміткерлер де бар екенін айтып қалды.  

«Менің ойымша, Тоқаев өзінің бес жылдық мерзімін толық отыратын секілді. Бірақ Қазақстанда саяси болжам жасау мүмкін емес. Демократиялы елдерде не үшін болжам жасауға болады? Ол жақта заң жұмыс істейді, әр президенттің мерзімі шектеулі, саяси форс-мажор жасауға мүмкіндік бермейтін заңнамалар бар. Ал енді Қазақстан жағдайында бір-екі ғана адам топтасып шешім қабылдайтын болған соң, олардың қиялында не бар екенін дөп басу қиын. Еліміздегі болып жатқан жайғдайларға анализ жасай отырып, Тоқаев сайланған мерзімінде толық отырады деп айтуға болады. Саяси форс-мажор немесе кезектен тыс президенттік сайлау болып қалмаса, өз билігін сақтап қалады. Заңнамалық өзгерістер, төтенше жағдайлар кезінде президенттің өкілеттілігін күшейту — мұның барлығы алдағы үшінші президент үшін жасалып жатқан секілді. Үшінші президент Тоқаевқа қарағанда ұзағырақ отыруға тырысады», — деп ойлайтынын жеткізген ол үшінші президенттің кім болатыны туралы болжам айтуға әлі ерте дейді. 

«Үшінші президент қазір Сенатта отырған адам болмайды. Мәулен Әішімбаев президент болады дегенге сенбеймін. Тоқаев президент болып, Дариға Сенаттан кеткен соң ол қызмет саяси салмағын жоғалатты. Уақыты келгенде кім болады деген болжамды жазармын. Бірақ келесі президент кім болады дегеннен көрі біз өз құқығымызды қаншалықты қорғай аламыз, заңмен жүретін мемлекет болу үшін не істеуіміз керек деген сынды сұрақтарға көбірек көңіл бөлуіміз керек», — деп кесіп айтты Шалқар Нұрсейітұлы.  

Ал саясаттанушы Серік Бейсембаев Тоқаевтың бір жылдық қызметіне қанағаттанарлық баға беруге болады дейді. Алайда, оның айтуынша, саяси өзгерістер тұрғысынан үміт ақталған жоқ.

«Жалпы баға беретін болсақ, Тоқаев өзінің қызметін қанағаттанарлық деңгейде алып шықты деуге болады. Қоғам тарапынан артылған үміт негізіне ақталды. Бірінші президент кеткеннен кейін халықта экономикалық және саяси тұрақтылықты сақтап қала ала ма деген қорқыныш болды. Сол жағынан алғанда Тоқаевтың еңбегі ел көңілінен шықты. Дегенмен де революциялық өзгерістер бола қойған жоқ. Тоқаевтың да берген уәделерінің бірі саяси реформа еді, бірақ ол жағынан ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс болмады. Айтылған уәдесінің барлығы жүзеге асты деп айта алмаймыз», — дейді ол. Саяси бостандықтың ауылы алыс деген Серік Бейсембаев  6 маусым күнгі шеруден әлі де биліктің басып-жаншу стратегиясын ұстанатынын байқауға болатынын айтады. 

«Саяси өзгерістер тұрғысынан үміт ақталған жоқ. Саяси партиялар мен сайлауға қатысты біраз үміт артылған еді, бірақ бұл бағытта әлі ешқандай шешімдер қабылданған жоқ. Халықпен әлеуметтік желі арқылы байланысып, мұқтаждардың үнін естіп, мәселерге үн қатуы биліктің бұрынғыға қарағанда ашығырақ жұмыс істей бастағанын көрсетеді. Бірақ саяси-құрлымдық, жүйелік өзгерістерге алып келген жоқ», — деп өкінішін білдірген ол негізігі баға алдағы келе жатқан парламенттік сайлау кезінде берілетінін айтады. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

stan.kz