Тоқаев Қосшы ауылындағы су мәселесін шешуді тапсырды

0

Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы Қосшы ауылындағы ауызсу мәселесін шешуді тапсырды. Бұл туралы Тоқаев 10 сәуірде Twitter парақшасында жазды.

«Үкімет пен Ақмола облысының әкіміне Қосшы ауылының тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін тез арада шешуді тапсырдым. Бұл — тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін жүйелі инфрақұрылымдық проблема» деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.

Бұған дейін қазақстандық телеарналар Қосшы ауылының тұрғындары бірнеше күннен бері сусыз отырғанын хабарлаған. Жергілікті биліктің айтуынша, «ауыл маңындағы Нұра өзені тасып, ауызсу ұңғымасын бітеп тастаған. Ұңғыманы ашу үшін Нұра өзеніндегі судың қайтуын күту керек». Әкімдік Нұра өзеніндегі су деңгейі апта соңына дейін төмендейді деп болжайды.

Нұр-Сұлтан қаласына жақын орналасқан Қосшы ауылының тұрғындары бұған дейін Азаттыққа бірнеше рет ауызсу, жол және жер мәселесін айтып, шағымданған.

Azattyq