Тоқаев Қордайдағы жанжалға «контрабандамен айналысқан екі топты» айыптады

0

1 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына, өткен айда қазақтар мен дүнгендер арасында жанжал болған Қордай ауданына, барды. Сапар барысында Тоқаев Қордай ауданындағы басым бөлігі қазақтар тұратын Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Жиында Тоқаев Қордайдағы ұлтаралық жандал «қазақстандықтарды дүр сілкіндіріп, әлемді елең еткізді», «бұл оқиға мемлекетке, елге нұқсан келтірді» деді.

«Абыройымызға зияны тиді. Енді тұтас ұлт болып осындай теріс тәжірибеден сабақ алуымыз керек. Ең алдымен, келешекте мұндай қасіретті болдырмау үшін тиісті шара қолдануымыз қажет» деді ол ауыл тұрғындарымен кездесуде.

Тоқаев Қордайда заңсыз контрабандамен айналысқан екі қылмыстық топтың арасындағы текетірестен жанжал шыққанын, соның салдарынан 11 адам қаза болғанын айтып, жергілікті билікке пара алу мен шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.

«Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды» деді ол.

Тоқаев жиында «жанжалдасқан екі контрабандалық топты» нақты атамады, «заңсыз табыс көзі» жайлы ашып айтпады.

Қазақстан президенті Жамбыл облысының бұрынғы басшылығын сынап, «жергілікті басшылық, құқық қорғау органдарының басшылары қақтығыс болған жерде еш даму болмайтынын түсінбегендіктен жұмыстан кеткенін» айтты. Оның сөзінше, Жамбыл облысына әкім болып тағайындалған Бердібек Сапарбаевтың мақсаты – «тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды түбегейлі жою».

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев Қаракемер тұрғындарымен кездесуде отыр. Қордай, 1 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев Қаракемер тұрғындарымен кездесуде отыр. Қордай, 1 наурыз 2020 жыл.

7 ақпан кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен. Кейін жанжал болған Масанчи ауылында қираған ғимараттан тағы бір адамның мүрдесі табылды.

Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 20 сауда орны мен 39 үй бүлініп, 47 көлік өртенді.

Жанжал салдарынан 23 мыңнан астам адам көрші Қырғызстанға қашқан. Кейін үкімет Қырғызстанға кеткендер үйіне оралғанын хабарлады.

Билік жанжал қарт ер адамның жаралануымен аяқталған жол үстіндегі кикілжіңнен шыққан деп мәлімдеді. Кикілжіңнен соң қазақтар (көбі – Қаракемер ауылының тұрғыны) жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.

Қазақстан үкіметі жанжалға байланысты 90 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. 18 ақпанда Жамбыл облысының полициясы Қордай ауданындағы ұлтаралық жанжалға себеп болған жолдағы төбелеске қатысуы мүмкін ұлты дүнген үш ағайындыны қамауға алды. Қазақстан бас прокуратурасы Воингуй отбасынан шыққан үш ағайынды полицияға шабуыл жасады деген күдікпен қамалғанын, оларға қатысты іс Қордай аудандық сотына жолданғанын мәлімдеді.

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

Видео: Қордайда не болып еді?

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз