Тоқаев Қазақстанның бірқатар мемлекеттердегі елшілерін тағайындады

0

Роман Василенко Қазақстанның Словакиядағы елшісі болып тағайындалды. Бұл ақпаратты 21 желтоқсанда Ақорда хабарлады. Василенко бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Бұған қоса, Нұрлан Сейтімов Қазақстанның Эстониядағы елшісі болып тағайындалды. Ол бұған дейін СІМ жауапты хатшысы міндетін атқарған. Қазақстанның Сингапурдағы елшісі Әркен Арыстановқа Қазақстанның Жаңа Зеландиядағы елшісі міндетін қоса атқару жүктелген. Сол сияқты Қазақстанның Вьетнамдағы елшісі Ерлан Байжанов та Камбоджа, Лаостағы елші міндетін атқарады.

18 желтоқсанда бірқатар кадрлық өзгерістер болған. Атап айтқанда, Қанат Бозымбаев энергетика министрі қызметінен босатылып, президент көмекшісі болып тағайындалған. Ал шілде айынан бері президент көмекшісі міндетін атқарған Мәулен Әшімбаев президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сол күні Дархан Қалетаевтың президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары қызметінен босатылғаны да белгілі болды. Әлеуметтік желіде оның Украинадағы елшісі болатыны жайлы сыбыс тараған. Қазақстанның Украинадағы елшілігі өкілдері 20 желтоқсанда Азаттыққа «сұрақтардың барлығына сыртқы істер министрлігі жауап береді» деген. Қазақстанның СІМ түсініктеме бермеді.

Осы аптаның ортасында Иманғали Тасмағамбетовтің «зейнет жасына жеткендіктен» Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен босатылғаны белгілі болған еді.

Оқи отырыңыз: «Өз еркімен кетудің шарты бар». Тасмағамбетовтің зейнетке шығуына реакция

Azattyq