Тоқаев: Қағаз құжаттарға тыйым салу керек — Қазақстан жаңалықтары

0

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дәуірінде толығымен электронды құжатқа көшуді тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тоқаев

Қазақстан Президенті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердің қозғаушы күші болуы тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегенімізді атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйе жоқ. Соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Индустрия 4.0 аясында аталған жобаны кеңейту үшін реттеудің және ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды.

«Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек», – деді мемлекет басшысы.

Президент тиісті заңнамалық актілерге, мемлекеттік органдардың жұмыс регламенттеріне қажет болған жағдайда өзгертулер енгізу керек екеніне назар аударып, үкіметке, парламент палаталарының аппараттарына, басқа да органдарға осы бағытта толыққанды шаралар қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ретінде өңірлерді цифрландыру жағдайын айтты. Бұл жұмыста алға жылжу болғанмен, әр аймақта және барлық салада біркелкі іске аспай жатқанын жеткізді.

«Бизнес пен азаматтар тарапынан жоғары сұранысқа ие, бірақ сыбайлас жемқорлық жиі болатын салаларда цифрландыру өте баяу жүргізілуде. Бұл жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметтеріне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салаларда көптеп кездеседі. Жергілікті атқарушы органдар аталған мәселеге қатысты белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Цифрлық даму министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде жолға қоюы тиіс. Президент әкімшілігіне бақылауға алуды тапсырамын» , – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы интернеттің жоқтығын немесе оның баяу жұмыс істейтінін айта келіп, қала мен ауыл тұрғындары арасында «цифрландыру алшақтығы» бар екенін атап өтті.

«Бұл жәй ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Сондықтан Үкімет «цифрлық алшақтықты» реттеу жұмыстарын жандандыруы қажет» , – деп қосты президент.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрандыру мемлекеттік маңызды іс, ел экономикасының дамуы аталған салаға тікелей байланысты екенін баса айтты.

Атап өтерлік жайт, кеңесте цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасады.

stan.kz