Тоқаев мәлімдемесінен соң үкімет қандай шара қолданды?

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

1284 0 0

Министрлер кабинеті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін арнайы кеңес өткізді. Асқар Мамин бірқатар кешенді шараларды қабылдауды тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Қазақстан «Қорғас» халықаралық шекаралық серіктес  орталығының жұмысын уақытша тоқтатты. Сондай-ақ, Қытаймен шекарадағы санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Бұл Қазақстан аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу және оның алдын алу шаралары жөніндегі кеңесте қабылданды. Үкіметтің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қолға алынатын шаралар туралы премьер-министрге Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов, сондай-ақ Қытаймен шекаралас Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының басшылығы жағдай мен әрекет ету шаралары туралы баяндады. 

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша шешуші ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды», — деді Мамин.

Кеңес қорытындысы бойынша үкімет басшысы келесі кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды:

  1. Мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және темір жол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту;
  2. Қытайдан келген барлық адамдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнату;
  3. Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз ету;
  4. Қытайға қызметтік іс-сапарларды шектеу, сондай-ақ жеке істер мен туристік мақсаттарда бармауға кеңес беру;
  5. Қытайдан келетін транзиттік жолаушыларға ҚР аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимін уақытша тоқтату;
  6. «Қорғас» қазақстандық бөлігінің жұмысын уақытша тоқтату;
  7. Қытай аумағындағы қазақстандық азаматтармен оларға консулдық және өзге де көмек көрсету мақсатында жұмысты жандандыру;
  8. Мемлекеттік органдар коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылды үйлестіру мақсатында Қытай және басқа да мүдделі елдердің тиісті мемлекеттік құрылымдарымен қажетті өзара іс-қимылды ұйымдастыруы тиіс;
  9. Қажет болған жағдайда Қытай Ухан қаласында жүрген Қазақстан студенттері мен Қазақстан басқа да азаматтарын шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету;
  10. Премьер-министрдің орынбасары Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құру, оған Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Қытайда коронавирустың өршуі

2019 жылдың желтоқсанынан бастап Қытайда белгісіз індеттің таралуынан кейін ел билігі Хубэй провинциясындағы он қаланы «жауып» тастады.

Бірінші болып Ухань қаласы «жабылды». Себебі қауіпті пневмония 11 миллионнан астам тұрғыны бар осы қаладан тараған болатын.

Карантин жарияланған қалалар арасында Чиби (534 мың адам), Эчжоу (1,08 миллион адам), Хуанган (7,5 миллион адам), Сяньтао (1,6 миллион адам), Чжицзян (550 мың адам), Цяньцзян (963 мың адам), Хуанши (2,7 миллион адам), Эньши (809 мың адам) мен Сяньнин (2,5 миллион адам) бар.

26 қаңтар, жексенбідегі жағдай бойынша, Қытайда коронавирустан 54 адам көз жұмған. Бұған қоса, бұл ауру басқа елдерге де тарай бастаған.



sputniknews.kz