Тоқаев карантинды тағы екі аптаға ұзартты

0

Қазақстанда қатаң карантин екінші тамызда аяқталуы тиіс еді, енді ол президенттің тапсырмасымен тағы екі аптаға ұзартылып отыр

Sputnik. Қазақстанда карантин тағы екі аптаға ұзартылды, деп хабарлайды Ақорда.

Бұл туралы Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен эпидемиологиялық ахуалға қатысты түйткілді мәселелер жөніндегі кеңесте айтылды.

Мемлекет басшысы шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, сондай-ақ, Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды.

Қатаң карантин қандай нәтиже берді

Премьер-министр Асқар Мамин Тоқаевқа 5 шілдеден бастап Қазақстанда қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендегенін баяндады.

Айтуынша, бір күнде індет жұқтыратын адамдардың саны 1500-1600 аралығында тұрақтаған. Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайған. Сауығып шыққандардың саны 63 пайызға дейін өскен. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы төмендеген. Осылайша денсаулық сақтау жүйесінің негізгі жүктеме көрсеткішін төмендетуге қол жеткізілген.

Сонымен қатар Мамин президентке дертке шалдығу және адам өлімі, медициналық көмектің қол жетімділігі мен сапасы, халықтан тест сынамасын алу деңгейі, интенсивті терапия және реанимация палаталарының қажетті дәрі-дәрмектермен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі секілді негізгі көрсеткіштер бойынша өңірлердегі ахуалға жүргізілген күнделікті мониторинг жайында мәлімет берді.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой инфрақұрылым нысандарының эпидемиологиялық ахуалға және экономикаға әсерін ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жолдарын баяндады.

Тоқаев коронавирусқа шалдығушылардың және соның салдарынан болатын өлім-жітімнің көрсеткішін одан әрі төмендетудің аса маңызды екенін атап өтті.

Қазақстанда бесінші шілдеден карантин шаралары екі аптаға күшейтілген болатын. Кейін ол елдегі эпидемиологиялық ахуалды ескеріп, тағы екі аптаға, 2 тамызға дейін ұзартылған еді.