Тоқаев 9 айда қанша уақытын жолда өткізді

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Бүгін президенттің баспасөз хатшысы Ақордада мемлекет басшысының 9 айда атқарған жұмысын қорытындылады

НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне кіріскелі бері тоғыз ай ішінде 181 сағат 36 минутын жолда өткізген. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін президенттің баспасөз хатшысы Ақордада мемлекет басшысының 9 айда атқарған жұмысын қорытындылады. Брифинг барысында ел президентіне қатысты қызықты факті келтірілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 9 ай ішінде 112 796 шақырым жол жүріпті. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен.

«Мемлекет басшысының наурыз айынан бергі атқарған жұмысы жалпы халықтың көз алдында. Көптеген халықаралық кездесу өткізді, шет елдерге ресми және мемлекеттік сапарлармен барды», — деді Уәли.

Президент ел аймақтарына 25 рет сапар жасап, кейбір облыстарға тіпті екі реттен барыпты. Сонымен қатар, 31 елдің басшысымен телефон арқылы сөйлескен.

12 елге сапармен барды, оның ішінде Өзбекстан, Қытай, Қырғызстанға мемлекеттік сапар жасады. Ресей және Германияға ресми сапармен, АҚШ, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Армения және Ресейге екі рет жұмыс сапарымен барды.

Бұдан бөлек, 9 халықаралық жиынға қатысты. Мемлекетаралық байланыстарды өзара нығайту мақсатында Ресей президенті Владимир Путин, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесті.

23 шетелдік елшіден сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның шет елдердегі 30 елшісін тағайындады. Осы жылдың наурызынан бері 45 заң, 226 жарлық, 68 өкімге қол қойды.

Тағы оқыңыз: Президент Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты тапсырма берді

Атап өтсек, 2019 жылдың 19 наурызында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін мәлімдеді. Келесі күні сол кездегі сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде халыққа ант берді.

Ал 9 маусымда елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтті. Саяси додаға 7 кандидат қатысып, «Nur Otan» партиясы атынан түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96% дауыс жинап, жеңіске жетті.

Үш күннен кейін Қазақстан тарихындағы екінші президент ант беріп, ресми түрде қызметіне кірісті. Тоқаев қазақстандықтарға арнаған алғашқы жолдауын 2 қыркүйекте жасады.



sputniknews.kz