Теңіз кенішінде коронавирус жұқтырғандардың саны 82 адамға жетті  

0

Кей өндірістік жұмыстардың уақыты кейінге шегерілді. Келесі аптаның соңына дейін Теңіз кеніші аумағынан 17 мың адам шығарылады

НҰР-СҰЛТАН, 2 мамыр – Sputnik. Теңіз кенішінде коронавирус жұқтырған жұмысшылардың саны 82 адамға жетті. Күн сайын кемінде бес адамнан қауіпті індет табылып жатыр. Бұл туралы Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. 

«Теңіз кенішінде орналасқан бірнеше вахталық қалашықтардың жатақханаларында тұратын 82 жұмысшыдан коронавирус инфекциясы табылған. Олармен байланыста болған 1674 жұмысшы  анықталып, дереу оқшауланған», – делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Теңіз кен орнының жұмысшылары неге бас көтерді – видео 

Вахталық қалашықтардың барлығында дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Карантиндік талаптарға сәйкес, вахталық қалашықтардың арасында өзара қатынауға шектеу қойылды.

Теңіз кенішіне қатынайтын жолдарға төрт блок пост орнатылды. Айналма дала жолдары да бақылауда. Карантиндік аймақта полиция, қауіпсіздік қызметінен құрылған патруль жұмыс істеп жатыр. 

«Теңізшевройл» компаниясының бас директоры Имер Боннер облыс басшылығына Теңіз кенішінде қызметкерлерді шығару және әлеуметтік кепілдіктер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.     

«Компанияның өндірістік қызметі штаттық режимде жалғасуда. Бекітілген кесте бойынша, қызметкерлерді кеніш аумағынан шығарып жатырмыз», – деді Имер Бонер.

Оның айтуынша, еңбек ақысын төлеуге байланысты наурыз айында стратегия қабылданған. Шығарылып жатқан жұмысшыларға Қазақстанның Еңбек заңнамасына және ұжымдық шартқа сәйкес өтемақы төленеді.

«Яғни кеніш аумағынан шығарылған жұмысшыларға орташа жалақы көлемінде өтемақы беріледі. Ал өндіріс басында қалғандар үшін жалақы 1,5 есе көлемінде көбейтіледі «, – деп түсіндірді компания басшысы.

Теңіз кенішінде өндіріс жұмыстары қалыпты режимде жүріп жатыр. Жұмыстар жалғасады. Кей өндірістік жұмыстардың уақыты кейінге шегерілді. Келесі аптаның соңына дейін Теңіз кеніші аумағынан 17 мың адам шығарылады. 

Теңізде індет күн сайын бес адамнан табылып жатыр

Теңіз кеніші басында бір апта болып қайтқан Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Темірбек Мұсағалиев күн сайын кемінде бес адамнан қауіпті індет табылып жатқанын атап өтті. Дегенмен, жағдай бақылауда. Теңізде шығып жатқан жаңа инфекция ошақтарын ауыздықтау және зарарсыздандыру бағытындағы жұмыстар жедел жүргізіліп жатыр.  

«Кеніштегі жұмысшыларды шығару жоспар бойынша әрі белгіленген алгортимге сәйкес жүріп жатыр. Ұшақтарды, автобустарды тұрақты залалсыздандыру, адамдарды шахматтық үлгіде орналастыру сияқты шаралар індетті жұқтырып алу қаупін төмендетуде», – деді Темірбек Мұсағалиев.

 Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов  профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

«Жағдайды мұқият бақылауда ұстаңыздар. Орынбасарларыма, «Теңізшевройл» басшылығына қызметкерлерді шығаруды тиянақты аяқтауды тапсырамын»,- деді Махамбет Досмұхамбетов.

Жұмыс орындарын қысқартпау, жұмысшылардың еңбекақысын сақтау мәселесі басты назарда болуы тиіс.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз