Теңге бағамы қалай өзгереді – сарапшылар болжам жасады

0

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, ірі экспорттаушы компаниялар үшін теңгенің нығайғаны, ал халық үшін әлсірегені тиімсіз

НҰР-СҰЛТАН, 6 маусым – Sputnik, Арман Асқар. Осы аптада доллардың бағамы 400 теңгеден төмен түсті. Осылайша, ұлттық валютамыз – теңге нығайып, карантинге дейінгі дәрежесіне жетті. Алдағы уақытта осы үрдіс сақтала ма? Доллардың бағамы қандай болады? Неге теңгенің күшейгені бюджетке тиімсіз?  Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар осы сұрақтарға жауап берді.

Мұнайдың бағасы ойнап тұрады

Сөз жоқ, бүгінде доллардың бағамына әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі – мұнайдың әлемдік бағасы. Қара алтынның құны қымбаттаған сайын доллар бағамы түсіп, теңгенің жағдайы жақсарып келеді.

Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағының басшысы Рәшид Жақсылықовтың айтуынша, бүгінде мұнайға деген сұраныс біртіндеп артып жатыр. Себебі АҚШ, Қытай мен Үндістан сияқты ірі тұтынушылар карантиннен шығып келеді. Оған қоса, ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін қысқартты. Соның арқасында шикізаттың әлемдік бағасы көтеріле бастады.

«Негізі, бұны көтерілді деп айтуға келмейді. Мұнайдың бағасы ақырындап реттеліп келе жатыр деп айтқан дұрыс. Егер баға құлаған деңгейінен асса, оны көтерілді деп айтатын едік. Бізде 60 доллардан төмен құлады ғой. Сондықтан осы межеден асса ғана көтерілді деп айта аламыз «, – дейді Жақсылықов.

Оның ойынша, мамырдың аяғына дейін мұнай бағасы 35 долларға дейін түсуі мүмкін. Маман осы болжамның себебін де түсіндірді.

«Қазіргі кезде мұнайды неге жақсы алып жатыр? Себебі бағасы арзан. Қытай да, Америка да өз қоймаларын арзан мұнаймен толтырып жатыр. Оларда «стратегиялық запас» деген ұғым бар ғой. Ал резерв толғаннан кейін мұнайға тағы сұраныс болмай қалуы мүмкін. Сол кезде баға құлайды. Меніңше, мұнайдың бағасы жылдың аяғына дейін 32-45 доллардың арасында ойнап тұрады», – деп атап көрсетті Жақсылықов.

Сарапшының ойынша, ОПЕК+ мемлекеттері жайдан-жай тағы жиналайын деп отырған жоқ. Демек, мұнай нарығында сұраныс пен ұсыныстың балансы сақталмай жатыр. 

Шекара ашылған соң долларға сұраныс артады

Рәшид Жақсылықов теңгенің күшеюіне көмектескен тағы бір маңызды факторды атап өтті. Жаз басталса да, қазақстандықтар шетелге шыға алмай отыр. Ал адам шетелге шықпаса, долларды алмайды. Шетелдік валютаға сұраныс болмағасын теңге нығайып отыр.

«Алдағы уақытта шетелге әуе рейстерін ашамыз дейді. Үйреніп қалған әдет қалмайды, шекара ашылғасын қазақстандықтар шетелге демалуға барады. Қайтадан долларға сұраныс көбейеді. Долларға сұраныс көтерілген кезде теңге құлдырай бастайды. Сондықтан теңгенің қазіргі нығаюы – уақытша көрсеткіш», – дейді Жақсылықов.

Сарапшының айтуынша, бүгінде Түркия сияқты мемлекеттер туризмнен біраз пайда көріп жатыр. Шекара ашылғаннан кейін ол жаққа баратын қазақстандықтар аз емес.

«Туристер былай тұрсын, қазір қаншама адам шетелде ем алғысы келеді. Ертең шекара ашылғасын Кореяға немесе Қытайға тартып тұрады. Оған, кем дегенде, 10 мың доллар керек. Халық жаппай доллар ала бастайды. Сонда шетелдік валюта тағы қымбаттайды, ал теңге арзандай бастайды», – деп атап көрсетті Жақсылықов.

Үкімет бюджетті қалай толтырады?

«GSB UIB» бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, ресейлік рубльдің күшеюі де теңге бағамына әсер етті. Оған қоса, салық төлейтін уақыт келгесін көбісі долларды теңгеге ауыстыра бастады. Осылайша, ұлттық валютаға сұраныс күрт өсті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша төтенше жағдайға байланысты салық төлеу мерзімі үш айға шегерілген болатын. Ол салықтарды төлеу мерзімі енді келіп жатыр. Демек, компаниялар салықты төлеу үшін теңгені көптеп алады, ал долларды тапсырады», – деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Оқи отырыңыз: Президент теңге бағамы туралы ойын айтты

Ал Рәшид Жақсылықовтың бизнеске салынатын салық көтерілуі мүмкін деп отыр. Себебі пандемияға байланысты бюджеттен де, ұлттық қордан да біраз ақша алынды. Енді, бюджетті толтыру қажет.

«Пандемия кезінде бизнес мемлекеттен көмек сұрады ғой. Бірақ мемлекет қысқа мерзімді көмек берді. Менің естуімше, қазір салықты көтеру мәселесін қарастырып жатыр. Мемлекеттің алдында экономиканы жандандыру міндеті ғана емес, бюджетті толтыру мәселесі де тұр. Өйткені алда сенатқа және мәжіліске екі үлкен сайлау бар. Сондықтан бюджетті толтыру үшін бизнеске салықты көтеру керек. Басқа амал жоқ. Алайда салықты көтерсе, бизнестің жағдайы одан бетер қиын болады», – дейді Жақсылықов.

Теңге құнсыздануы мүмкін

Экономист Мақсат Халық ОПЕК+ ұйымының тағы бір келісімі ұлттық валютаға оң әсер етеді деп санайды. Бірақ ол келісімді барлық мемлекет орындауы қажет. Онсыз мұнай нарығындағы баланс болмайды.

«Егер мұнай 40 доллардан төмен бағамен ұзақ уақыт саудаланса, теңгеге салмақ түседі. Ондайда ұлттық валютамыз үшінші тоқсанда құнсыздануы мүмкін», – дейді Халық.

Осы орайда сарапшы ірі экспорттаушы компаниялар үшін теңгенің нығайғаны тиімсіз екенін де еске салды. Себебі олар шикізатын доллармен сатады. Ал Қазақстанда оны теңгеге айырбастайды. Сол кезде ақшаның көбірек шыққаны керек. Бюджеттің кірісі де, көбінесе, мұнай саласынан түседі.

«Негізі, бюджетке түсетін кірістің біраз бөлігі мұнай секторынан келеді. Демек, доллармен келетін табысты айырбастағанда теңгенің көптеп шыққаны тиімді. Ол үшін ұлттық валютаның бағамы жоғары болуы керек. Алайда халық үшін теңгенің әлсірегені тиімсіз. Мысалы, осы уақытқа дейін девальвация болды, доллардың еркін айналымы болды, сол кезде көп адамның төлем қабілеттігі төмендеп кетті», – деп атап көрсетті Халық.



sputniknews.kz