Теміртауда Нұра өзенінде күлден жасаған бөгетті су жырып әкетті

0

11 ақпанда кешке Теміртауда Қарағанды ГРЭС-1 электр станциясына иелік ететін жеке компанияның күл үйіндісінен жасаған бөгетін су жырып әкетті. Куәгерлер жариялаған видеодан Нұра өзенінен күл аралас лас судың ағып жатқаны көрінеді. Видео авторы өзеннен бөтелкемен су алып, лас екенін көрсетеді. Өзен арнасының жақында ғана тазаланғанын да айтып өтеді.

11 ақпан түнге қарай билік пен кәсіпорын басшылығы оқиғаға байланысты түсініктеме берді. Оқиға орнына Қарағанды облыстық экология департаменті, басейн инспекциясы, төтенше жағдай басқармасы және Теміртау шенеуніктері барған.

– Сараптамалық бақылау зертханасының бөлім мамандары судан сынақ үлгісін алып, судың ластану деңгейін, ластаушы заттарды анықтайды. Bassel Group компаниясында жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіледі, тексеру нәтижесіне қарай компанияға қатысты шара қолданылады, – деді Қарағанды облыстық экология департаменті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхаметов.

Күл үйіндісінен бөгет жасаған Bassel Group компаниясы су жырып өткенін растап, жырықты бітеу үшін арнайы мамандар шақыртылғанын хабарлады. Су жүзгіштер 12 ақпанда таңертең жұмысқа кіріскен.

– Айналып барып тексерген кезде күл қосындысының жырылғаны байқалды. Қар мен мұз қысымының нәтижесінде ескі құдықтың қабырғалары шытынағаны анықталды. Біз шара қолдандық: шибер ысырмасы жабылды. Алдағы уақытта қайталанбайды деп ойлаймыз, – деді компания директорының орынбасары Максим Абрамов.

Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков Азаттық тілшісіне оқиғаның судағы балықтар мен өзге де тіршілік иелеріне зиян келтіруі мүмкін екенін, бірақ адамдарға аса қауіпті емес екенін айтты.

1942 жылы іске қосылған Қарағанды ГРЭС-1 (КарГРЭС-1) – Қазақстандағы ең ескі электр станцияларының бірі. 2005 жылы желтоқсан айында станцияны Bassel Group сатып алған. Станция Теміртау қаласындағы кәсіпорындарды электр энергиямен және қаланың ескі бөлігін жылумен қамтамасыз етеді.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз