Теледидар көрсетпей, мазасын алған: Өгей әкесінің 2 жасар баласын неліктен өлімші етіп сабағаны белгілі болды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда өгей әкесі көгала қойдай сабаған бала өлім аузында жатыр. Екі жасар бүлдіршіннің бас сүйегі сынып, миына зақым келіп, ішкі құрылысы түгел ісініп, денесінің сау тамтығы қалмаған. Кішкентай сәбидің бар айыбы – өкіл әкесіне теледидар көрсетпей, ызыңдап жылап мазасын алыпты. Шешесінің үйінде жоғын пайдаланған қаскөй ішімдікке сылқия тойып, білгенін істеген. Есінен танғанша ұрған соң, өзі биіктен құлады деп ауруханаға жеткізген. Бұл қатыгездікке бес жастағы бала куә болған.

Теледидар көрсетпей, мазасын алған: Өгей әкесінің 2 жасар баласын неліктен өлімші етіп сабағаны белгілі болды

Суретте зардап шеккен баланың нағашысы/ «Еуразия бірінші арнасы»

Алматыдағы «Көкқайнар» ықшам ауданының тұрғындары кешелі-бері өре түрегеліп жүр. Өгей әке өгейлігін кеше кешкі бестер шамасында көрсеткен. Азаматтық некедегі әйелі жұмысқа тек сол күні шығыпты. Өзгенің көлігін жуып, нан таппақ болған келіншек қос ұлын күйеуіне иманындай сеніп табыстап кеткен. Алайда кішісін тек ес-түссіз күйі аурухана төсегінен бір-ақ көріпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.

«Қалай кешірім береді? Бала 24 сағаттан кейін не өледі, не тіріледі. Ол еркіндікке шықса да өмір сүрмейді», — дейді зардап шеккен баланың нағашы ағасы.

Бүлдіршіннің нағашылары да жағасын ұстап, жезделерінің әрекетіне сене алар емес. Сөйтсе, екі жастағы кішісі әбден жылап, мазамды алды деп, үлкенінің көзінше үйде аяусыз ұрған. Кейін далаға сүйреп шығып, тағы соққының астына алыпты. Айуанша, қиянат көрсеткен соң есінен танған. Басының сүйегі сынып, миына зақым келген. Миының ішіне қаны ұйыған. Аяқ-қол, денесін айтпағанда, ішкі құрылысының бәрі, өкпесіне дейін ісініпті. Қазір жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп, өліммен арпалысып жатыр.

«Қазіргі жағдайда бала жасанды өкпенің желденуімен жансақтау бөлімшесінде жатыр. Баланың жағдайы өте нашар. Өміріне қауіпті», — дейді балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхаммед Рузуддинов.

Қаскөй өгей перзентін өлімше етіп ұрып, дәрігерлерге биіктіктен құлады деп өтірікті соғыпты. Бірақ сол күні үй иелері баланың бірде бір дыбысын естімеген. Тұратын бөлмелерін жалдағандарына бір ай да болмапты.

Қожайындары келіншектің өте таза әрі балаларына қамқор екенін айтады. Тек отағасын бірде бір рет көрмепті. Полицейлер 1985 жылғы жігіт өз кінәсін мойындады дейді.

«Қылмыстық кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот алды тергеу амалдары басталып кетті. Ол өз кінәсін толығымен мойындап, осы баланың ауыр халде жатқанына кінәм бар деп толығымен мойындады», — дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал әйелдің екі ұлы екі әкеден. Бұл үшінші азаматтық некедегі жолдасы. Соңғы бір жылдан бері бірге тұрады. Ішімдік ішкенімен, оғаш қылығын мүлдем бұрын-соңды көрсетпепті. Көлік жуу бекетінде жұмыс істеп, нәпақа табады екен. Келесі ай заңды некелерін қиып, той жасауды жоспарлап қойған, дейді келіншектің бауыры.

stan.kz