Тәжікстан азамат соғысындағы дала командирін қайтарып алды

0

Біріккен Араб Әмірліктері Тәжікстанда «адамды кепілге алған, кісі өлтірген» деп айыпталған дала командирін Душанбеге берді. Тәжікстан ішкі істер министрі 17 ақпанда «Тәжікстандағы бесжылдық азамат соғысында үкімет әскерінің командирі болған Қожа Кәрімов Душанбеге экстрадияцияланды» деп мәлімдеді. Ол былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінде Тәжікстан сұрауы бойынша ұсталған.

1992-1997 жылдары Тәжікстанда Ресей қолдау көрсеткен үкімет күштері мен либерал-демократ реформашылдар, исламшылдар арасында азамат соғысы болған еді. Мәскеуде бітіммен аяқталған соғыста, түрлі пікірлерге қарағанда, 20 мыңнан 100 мыңға дейін адам өлген.

Азамат соғысы куәлері «Қожа — командир» деген атпен танымал дала командирі Қожа Кәрімов ерекше қатыгездігімен көзге түсті деп санайды. Соғыстан кейін ол Тәжікстан қорғаныс министрлігі арнаулы батальоны командирінің бірінші орынбасары және Тәжікстан футбол федерациясының төрағасы болған. 2005 жылы қыркүйек айында тәжік билігі қылмыстық іс қозғағанда Тәжікстаннан Малайзияға қашқан.

Azattyq