Танымал әнші және боксшы Ибрагим Ескендір өз еркімен әскери қызметке келді — Қазақстан жаңалықтары

0

Елордадағы әскерге шақырылушылардың 160-тан астамы әскери қызмет атқаруға дайын. Олардың арасында танымал қазақстандық әнші, боксшы, «Дарын» сыйлығының лауреаты, төтенше жағдай кезінде қызмет етуге ниет білдірген Ибрагим Ескендір де бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Әскерге бел будым, ағайын! Ел басына күн туған сын- сағатта шен үшін емес, ел үшін, марапат үшін емес, парасат үшін қызмет етуді борыш санадым. Сөзім ісімнің айғағы, ісім сөзімнің айбары болсын!», — деп атап өтті Ибрагим Ескендір желідегі парақшасында.

Екі жыл бұрын ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасын бітірген. Ол запастағы лейтенант.

Ибрагим Ескендір өзге әріптестерін де, әншілер мен спортшыларды осы бастаманы қолдауға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін өзінің Инстаграмдағы парақшасында Ибрагим Ескендір «Біргеміз» әнін ұсынған болатын, ол халықты біртұтас болуға шақырады. Сонымен қатар, әйгілі боксшы әлеуметтік желілердегі парақшасында онлайн жаттығулар өткізіп, барлығын спортпен шұғылдануға шақырады.

Еске салсақ, 2 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерді арнайы лагерлерге шақыру туралы жарлыққа қол қойды.



stan.kz