Судья қарапайым адамға сотта көмектесетін болады – жаңа кодекс қабылданады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Бүгінде әкімшілік сипаттағы шағымдар азаматтық-процессуалдық тәртіппен қаралады. Алайда судья шағым берушіге көмектесе алмайды

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Әділет министрі Марат Бекетаев әкімшілік рәсімдік іс жүргізу кодексінің жаңа жобасына қатысты негізгі мәселені түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде әкімшілік сипаттағы шағымдар азаматтық-процессуалдық тәртіппен қаралады. Алайда судья шағым берушіге көмектесе алмайды. Кодекстің жаңа жобасы бойынша ондай істер жеңілдетілген тәртіппен қаралатын болады. Ал, ең бастысы, судья қосымша деректерді талап етіп, шағымданушыға ақыл-кеңесін бере алады.

«Былайша айтқанда, судьяның өзі екі жақты тыңдап қана қоймай, қосымша материалдар мен дәйектерді талап ететін болады. Бүгінде сот саласында судьяның ұстанымына қатысты пікірталастар жиі көтеріледі. Судья бейтарап ұстанымда болуі тиіс дейді. Енді, біреулер, ол белсенділік танытып, әділетті шешім шығару үшін мәселенің мәнісіне жетуі керек деп айтады. Ал әкімшілік өндірісте, көп жағдайда, шағым беруші мен жауап берушінің дәрежесі бірдей емес», – деді Бекетаев журналистерге берген сұқбатында.

Осы орайда министр нақты мысал келтірді. Мәселен, қарапайым азамат мемлекеттік органға қарсы шағым түсірді делік. Бірақ сотта оның құқықтық әрі заңгерлік ресурстары мемлекеттік органмен бірдей емес. Мемлекеттік органдардың мәлімет жинауға мүмкіндігі көп, кәсіби заңгерлері де бар. Соның бәріне бюджеті жетеді. Ал қарапайым адамда ондай жағдай жоқ. Бұл жағдайда теңсіздік мәселесі туындайды.

Тағы оқыңыз: Ақтауда жазықсыз сотталған дәрігер: «Апаны жазғырмаймын, ісім судьямен болсын»

«Міне, мұндай жағдайда сот белсенді болуы керек. Иә, ол шағым беруші адамға көмектеседі. Ал мемлекеттік орган өзінің кінәсіз екенін дәлелдеп шығуға міндетті болады. Қарапайым адам сотқа келіп, мемлекеттік органның осындай актісіне, я болмаса, осындай әрекетіне арыз түсіреді. Басқа құжат қажет емес. Ал мемлекеттік орган оны не үшін істегенін дәлелдеп шығуы тиіс. Бұған дейін бізде мұндай тәжірибе болмаған», – деді Бекетаев.

Оның сөзіне қарағанда, кодекстің жобасы дайын. Алайда қай кезде қабылданатыны белгісіз.

«Әрине, кәсіби мамандар да қажет болады. Меніңше, судьялардың штатын кеңейтеді. Сосын осы бағытта жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің саны артатын шығар. Себебі мемлекеттік орган өз ұстанымын дәлелдеуге міндетті болады. Негізі, күрделі кодекстер 2-3 жылда қабылданады. Біздің депутаттарымыз осы кодексті қысқа уақыттың ішінде қолдайды деп сенеміз. Жалпы, реформаның өзі 4-5 жылда аяқталады», – дейді Бекетаев.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз