Су жаңа министр  Атамқұловқа «Қамшыдан» алты ұсыныс

0

Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов тағайындалды. Әрине, кадрлық тағайындаулардың болатыны жөнінде сарапшылыр айтып жүргенімен, бұл жайт дәл Жаңа жылдың алдында орын алады деп ешкім ойлаған жоқ. Бірақ қалай айтқанда да, кадрлық өзгерістің орын алатыны анық еді. Әрине, Президенттің бұл тағайындаулары кейбіреулер үшін күтпеген қадам болуы да мүмкін. Бірақ Бейбіт Атамқұловтың  Сыртқы істкер министрі лауазымына келуін тосын оқиға деп айтуға келмейді. Өйткені ол бұл салаға бірінші рет барып отырған жоқ. Еңбек жолын балқытушы болып бастаған Бейбіт Бәкірұлының мамандығы – экономист.  Ол Қазақ политехникалық институтын, Санкт-Петербор мемлекеттік экономика және қаржы университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. 2006-2012 жылдары Қытай мен Ресейде дипломатиялық қызметте болды. Малайзияда, Индонезия,  Бруней-Даруссаламдағы, Филиппин Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарған. Алты жалдан астам дипломатиялық қызметте болған ол бірқатар министрліктерде жауапты хатшы болды. Арасында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін де атқарды. Соңғы қызметі – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Ендеше дипломатиялық жұмысына енді кіріскен, мемлекеттік қызметте  мол тәжірибесі бар Бейбіт Атамқұлов  Сыртқы істер министрі лауазымында өзін жаңа қырынан танытады ойдамыз. Осыған орай, жаңа министрге айтар біраз ұсынысымыз да бар.

  1. Әлемде соғыс саудасы күшейіп, алпауыт елдердің адуынды әрекеттері мен қитұрқылық саясаты жаһанға қауіп төндіріп отырған уақытта Қазақстан сыртқы саясатта қандай жағдайға қарамастан өзінің дербес саясатын жүргізуі тиіс.
  2. Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде халықаралық жиындарда және БҰҰ мінбелерінде қалыс қалмай, ешкімге жалтақтамай, өз позициясы мен дауысын  анық әрі ашық білдіргенін қалаймыз.
  3. Халықаралық қоғамдастықта Қазақстан көп ретте өз саясатын Ресейдің позициясына қарай үйлестіреді. Солардың әрекетіне қарап, дауыс беретін жайттар да аз емес. Тәуелсіз елге абырой әпермейтін мұндай қадамнан қашан да қашық болғанымыз дұрыс.
  4. Президент Назарбаев Түркі тілдес елдердің ұстанымы мен ынтымақтастығын нығайту жөнінде ұдайы айтып келеді. Түпкі тарихымыз бен бауырластық саясатымыз бір болғандықтан тамырлас елдер арасында ешқашан текетірес болмайтыны ол анық. Түркі әлемі бүгінде бірлік пен тиімді ынтымақтастықтың жолын таңдады. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі әлемдік қоғамдастықта Түркі тілдес елдердің  ықпалын барынша күшейтуге жұмыс істеуі тиіс.
  5. Қалай айтсақ та, қазір халық арасында Қытай мен Ресей экспансиясына қатысты үлкен үрей бар. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі қазақ халқының мүддесін нақты әрі үнемі ескеріп отыруы тиіс. Қажет жағдайда батыл шешім қабылдағаны да дұрыс,
  6. Қазір Қытайдағы қандастарымыз қысым көріп, қудаланып жатқаны жалпақ жұртқа белгілі. Қазір бұл мәселе халықаралық жиындарда айтылып, мұқым дүниеге мәлім болды. Сондықтан артында арқасүйер мемлекеті бар ел  ретінде қандастарымыздың құқын қорғауды министрлік  өз мойнына алып, олардың біржола бостандыққа шығуын батыл талап етуі тиіс. Сонымен қатар, әлемнің әр түкпірінде жүрген отандастарымыздың елге оралуына бар  мүмкіндік пен жеңілдік жасалуы керек.

«Қамшы» сілтейді