Sputnik Литва шеф-редакторы журналистердің құқығы бұзылып жатқанын айтты

0

Әлемде

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Журналист Марат Касем әр түрлі елдерде Sputnik журналистерінің құқығы бұзылып жатқанын мысалға келтірді

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Sputnik Литваның шеф- редакторы Марат Касем ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары жөніндегі отырысына қатысушыларға Балтық елдерінде журналистер қысым көріп жатқанын айтты, деп хабарлайды РИА Новости.

«Sputnik халықаралық агенттігі мен радиосы үнемі биліктің қысымына ұшырап отырады. Бұл әсіресе Еуропа елдерінде, оның ішінде Ресейге қарсы мәлімдемелер мен ресейлік БАҚ-ты бұғаттау ниеті бар Балтық жағалауында айрықша байқалады», — деді Касем.

Шеф-редактор 2019 жылдың шілдесінде Латвия билігінің Baltnews.lv порталын Украинаның тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деген сылтаумен бұғаттауын мысал ретінде келтірді.

«Әріптестерімізді өз жұмысын атқарғаны үшін қылмыстық жауапқа тартамыз деп қорқытты. Бұл – Латвия конституциясы мен Еуропалық одақ нормаларын өрескел бұзу. Осылайша билік ақпарат кеңістігін ұнамсыз бұқаралық ақпарат құралдарынан тазартып жатыр», — деді Касем.

Ол сонымен қатар өткен жылдың шілдесінде Ригада қауіпсіздік полициясы Sputnik Латвия шеф- редакторынан 12 сағат бойы жауап алғанын, ал Латвияның электронды БАҚ жөніндегі ұлттық кеңесі медиаға елдегі Sputnik-тің фото-контентін пайдаланбауға кеңес бергенін айтты.

«Бақытымызға орай, мұндай ұсыныстар ресми мәртебеге ие болмады», — деп атап өтті Касем.

Сондай-ақ ол Литвадағы жағдайға тоқталды. Касем осы жылдың шілде айында сот Sputnik Литва сайтын бұғаттағанын хабарлады.

«Біз авторлық құқықты бұзған көрінеміз. Бұл әрекеттердің өзі халықаралық құқықты өрескел бұзады. Кейін бұғаттан босатты – біз алғашқы дереккөз рұқсат бермеді делінген материалдарды жойдық», — деді ол.

«Мен өзім Sputnik Литваның шеф-редакторы ретінде саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болдым. 2019 жылдың мамыр айында Литваға кіруге 5 жылға тыйым салынды», — деп мәлімдеді журналист.



sputniknews.kz