Сот Бишімбаевты жалпы режимдегі колонияға ауыстырды

0

28 желтоқсанда Түркістан облысының Төле би аудандық соты Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың арызын ішінара қанағаттындырып, оның жазасын өтеу орнын қатаң режимдегі колониядан жалпы режимдегі колонияға ауыстыру туралы шешім шығарды.

Іске төрағалық еткен судья Нұрмахан Жорабековтың айтуынша, Бишімбаев соттан өзін қоныс колониясына ауыстыруды сұраған. Бірақ сот экс-министрдің талап-тілегін ішінара қанағаттандырып, оны қатаң режимдегі колониядан қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзеу мекемесіне ауыстыруға қаулы еткен.

«Бишімбаев Қылмыстық Кодекстің 189-бабымен («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») де сотталған. Бұл бап бойынша сотталушы жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуі керек. Осыған байланысты оны қоныс колониясында жазасын өтеуге жіберу мүмкін емес» деді судья.

Шілде айының басынан бері өз арызы бойынша Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы қатаң режимдегі ИЧ 167/9 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаев жаза орнын ауыстыру туралы өтінішін қараған сотқа видеобайланыс арқылы қатысты. ИЧ 167/9 мекемесінде ауыр және аса ауыр қылмысы үшін сотталғандар жазасын өтейді.

Оқи отырыңыз: «Назарбаевтан кешірім сұрап» сотталды

Қуандық Бишімбаев 2018 жылы 14 наурызда «Бәйтерек» холдингін басқарған кезінде “мемлекет қаржысын жымқырды” деген айыппен он жылға сотталған. Іс бойынша айыпталған жиырмадан астам адамның бірнешеуі тергеу айыптарын мойындап, тергеу органдарымен келісімге келген. Сот оларға бас бостандығынан айыратын жаза қолданбаған немесе аз жылға соттаған.

2017 жылдың қаңтарында қамауға алынған Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, айыптау жақта өзінің кінәлі екенін дәлелдейтін дәлелдер жоғын айтқан. Сот процестері кезінде Бишімбаев екі рет президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрап, “ештеңеге қарамастан президентке адал болып қалатынын» мәлімдеген. Сот Бишімбаевқа мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салып, оның мүліктерін тәркілеуді бұйырған.

Дереккөз: Азаттық