Сот «800 мың теңгеге әскери билет сатқан» аға сержантқа айыппұл салды

0

Семей гарнизонының әскери соты Екібастұз қорғаныс істері бөлімінің инспекторы Қасымбаевты алаяқтық бабымен айыпты деп танып, 7,6 миллион теңге (19 500 доллар) айыппұл салды және аға сержант шенінен айырды. Бұл туралы жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Айыптау актісіне сай, Қасымбеков қызметін пайдаланып әскерге шақырылған тұрғыннан «әскери билет әперемін» деп 800 мың теңге пара алған.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Айыпталушы апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар. Егер сот үкімі күшіне енсе, ол айыппұлды үш айда төлеуі тиіс. Қазақстан заңнамасына сай, айыппұл үш ай мерзімде төленбесе, сотталушы бас бостандығынан айырылады.

Қасымбеков мамыр айының соңында ұсталып, оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен іс қозғалған.

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 366-бабында пара алғандарға мүлкін тәркілеу, өмір-бақи мемлекеттік қызметтен шеттету, 7-12 жыл түрме жазасына кесу жазасы қарастырылған. Немесе парамен ұсталғандар, ақша жымқырғандар шығынды 60-70 есе көп көлемде қайтаруы тиіс.

Қазақстан билігі сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы жеке заң мен түрлі бағдарлама қабылдап, «парақорлықпен пәрменді күрес жүргізіп жатқаны» туралы жиі мәлімдеп келеді. Маусымның 9-ы күні президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев та «жемқорлықты жоюға» бірнеше рет уәде берген.

Билік жемқорлықпен күрес бағдарламалары мен заңдарын қанша күшейтсе де, Қазақстан Transparency International (TI) халықаралық ұйымының Жемқорлық индексінде «парақорлық жайлаған елдердің» қатарында тұр.

Azattyq