«Солардың арқасында жанданды»: Назарбаева қазақстандық әйелдерді мақтады

0

Экономика

Қысқа сілтеме алу

8 0 0

Қазіргі уақытта еліміздегі белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің 44%-ін әйелдер басқарады

НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі әйелдердің арқасында жандана бастады. Бұл туралы сенат төрағасы Дариға Назарбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Назарбаева жеңіл өнеркәсіп әлеуметтік маңызға ие сала екенін айтты. Экономиканың бұл секторы халықты, әсіресе әйелдерді жұмыспен қамтып отыр.

«Бүгінгі таңда еліміздегі белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің 44%-ін әйелдер басқарады. Олар шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орнының 31%-ін қамтамасыз етіп отыр. Жеңіл өнеркәсіптегі стартаптардың негізгі үлесі әйелдерге тиесілі, олардың белсенділігінің арқасында сала жандана бастады», – деді ол отандық жеңіл өнеркәсіптің жай-күйіне арналған парламенттік тыңдауда.

Айтуынша, жеңіл өнеркәсіп экономиканы түрлендіруге, әсіресе, пайдалы қазбалар қоры азайып, мұнай бағасы төмендеген кезде дағдарыс толқынына қарсы тұруға мүмкіндік береді.

Назарбаева Қазақ КСР-і кезінде жеңіл өнеркәсіп 14 сала мен 69 өнеркәсіптік кәсіпорын мен бірлестікті қамтығанын еске салды. Бұл салада 1985 жылы 202,8 мың адам жұмыс істеген, екі мыңнан астам өнім түрі шығарылды.

«Яғни, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға барлық алғышарт бар. Кеңес заманындағы бұл көрініс түсінікті, өйткені, біздің нарық жабық болды, импорт өнімдеріне шектеу қойылды, сондықтан ішкі нарық, әсіресе, жеңіл өнеркәсіп саласы жоғары деңгейде дамыды», – деді спикер.

Тағы оқыңыз: Назарбаева кәсіпкерлерге Өзбекстан мен Қырғызстанды үлгі етті

Сонымен қатар, Назарбаева жеңіл өнеркәсіпке қатысты статистикалық деректерді келтірді. 

Мәселен, тек киім мен аяқ киім нарығының әлемдік көлемі 1,7 триллион долларға тең, бұл Канаданың ЖІӨ-мен бірдей.

2019 жылы әлемдік тігін өнеркәсібі нарығының көлемі 961,5 миллиард доллар деп бағаланған. Жылына әлемде 150 миллиард киім өндіріледі, яғни бір адамға 20 киімнен келеді. Соның ішінде киім-кешектің 30 проценті ешқашан сатылмайтын киімдер екен.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз